Елбасы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» - Ұлт жоспарының 30-қадамында жергілікті полиция қызметін құру және оның қызметін жақсартуға қатысты атқарылар міндеттер жөнінде айтылған болатын. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысының жергілікті полициясына жаңа 78 қызметтік көлік берілді. Көлік кілтін облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов табыстады, - деп хабарлайды "Massaget.kz" rgmedia.kz порталына сілтеме жасап.
- Оңтүстік өңірінде халық саны басқа облыстарға қарағанда көбірек болғандықтан, бізге білікті полиция қызметкерлері қашанда керек. Қазіргі таңда облыста 2827 адам ішкі істер саласында қызмет атқарады. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 30- қадамына сәйкес, жергілікті полицейлер қызметін құрдық. Және оларға қызметтерін сапалы атқару үшін материалдық жағдай жасадық. Облыстық бюджеттен 2 миллиард теңге бөліп, 78 қызметтік автомобиль алдық. Енді көңілдері жайланған полицейлер өз міндеттеріне зор жауапкершілікпен қарайды деп сенемін. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен 40 миллион теңге қарастырып, 10 станционар салуды қолға алдық. Әр станционарға бейнебақылау жүйесі орнатылады. Бір қуантарлығы, былтыр облысымызда аса ауыр қылмыс 42 пайызға азайды, - деді өңір басшысы. Бейбіт Бәкірұлынан кейін сөз кезегін алған ардагер полицей Жеңісбай Сұлтанов: "Жылдан-жылға полиция қызметкерлеріне жағдай жасалып келеді. Мен кезінде облыстық ішкі істер саласын 5 жыл басқардым. Ол кезде Қазақстан өз тәуелсіздігін енді алып жатқан еді. Облыс былай тұрсын, республикалық бюджетте ешқандай ақша жоқ. Жалақы айлап-жылдап төленбейді. Біздің басқармада ары кетсе оншақты қызметтік автокөлік болушы еді. Сонда мен ел болашағы не болады екен деп алаңдадым. Бірақ, Елбасы сол қиын кезеңде асқан көрегендік танытып, сарабдал саясат жүргізді. Нәтижесінде, ел экономикасы қарыштап дамып, әлеуметтік жағдай тез жақсарды. Қазір мен болашаққа нық сеніммен қараймын, - деді.
Облыстық жол полициясы патрулінің батальон командирі Әбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша, жаңа «темір тұлпарлар» «KIA» зауытына қарасты Rio маркалы көліктер. Ішінде пеш, кондиционер, рация жүйесі бар. Және Word бағдарламасы орнатылған кішігірім компьютер де орнатылған. "Мұның бәрі халық игілігі үшін жасалып жатқан жұмыс. Қылмыс аз болса, жұрт әрқашан аман болса дейміз. Сол себепті, мен үшін емес, ел үшін жұмыс істеңдер. Халықтың алғысынан асқан ештеңе жоқ, - деді Бейбіт Атамқұлов полицейлерге көлік кілтін табыс ете отырып. Жиын соңы салтанатты шерумен аяқталды.