• 503.39
  • 490.7
  • 5.53

“Онсыз Қазақстан ойдағыдай дами алмайды“. Президент екінші АЭС-ке орын іздеуді тапсырды

“Онсыз Қазақстан ойдағыдай дами алмайды“. Президент екінші АЭС-ке орын іздеуді тапсырды
Фото: Midjourney

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір мәрте АЭС құрылысын тездетуді тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет. Үкіметке "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз - бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл айдан анық", - деді Президент.

Айта кетейік, бұған дейін де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек екенін мәлімдеді. 

"Атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек. Мен Ana tili газетіне берген сұхбатымда екі үлкен станция салатынымызды айттым. Олардың саны тіпті үшеу болуы да мүмкін. Қазақстанды ядролық энергетикасы дамыған, жасанды интеллект қолданылатын, цифрландыру толық көлемде жүргізілген елге айналдыруымыз керек", - деді Мемлекет басшысы бұған дейін.

Еске салайық, бүгін, 28 қаңтарда Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыс барысында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалды. Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова