Бірнеше күннен кейін ел тарихы үшін аса маңызды шаралардың бірі – атом электр станциясы (АЭС) құрылысына қатысты референдум өтеді. Massaget.kz тілшісі өңірлерде референдумға дайындық қалай жүргізіліп жатқанына шолу жасады.
Референдумның өтуіне санаулы күндер қалды. Соған орай елордадағы сайлау учаскелерінде дайындық қызу жүріп жатыр. Референдумда Астананың 900 мыңнан аса тұрғыны дауыс бере алады.
Қала көшелерінде билбордтар мен аялдамаларда "Әркімнің дауысы маңызды" деген лозунгтар ілінген.
Астана аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Бейсембай Жұмабеков елордада дауыс берушілерге барлық жағдай жасалғанын, референдум өтетін күні 21 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі адам үшін 66 инватакси жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Оған қоса Massaget.kz тілшісі Астанадағы Орталық референдум комиссиясының отырысына қатысып, өңірлер мен шетелдік учаскелердегі дайындық қалай жүріп жатқанын біліп қайтты.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, референдумға халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу 30 қыркүйекте жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталған.
Референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман халықаралық 177 байқаушы ресми тіркелгенін, олардың 30-ы шет мемлекеттің, 4-еуі ірі халықаралық ұйымның өкілдері екенін мәлімдеді. Республикалық референдумды өткізуге 30 елдің өкілдері қатысады.
"Сыртқы істер министрлігі жанында тұрақты негізде тіркеуден 162 шетелдік журналист аккредиттелген, яғни 38 БАҚ-тан және 14 елден қатысады. Сондай-ақ 200 шетелдік журналист референдумға байқаушы ретінде қатысады", – деді сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.
Қазақстаннан тыс 62 елде 74 сайлау учаскесі құрылды. Тек әскери іс-қимыл жүріп жатқан Ливанда учаске ашылмайды.
"Бұл елде толыққанды әскери қимылдар жүріп жатыр. Ол жердегі жағдай өте қиын және отандық сайлаушыларымыздың өмірі мен денсаулығын тәуекелге тігуге болмайды. Сондықтан қазіргі таңда 73 учаске және 61 ел" – деді Мұхтар Ерман Орталық сайлау комиссиясындағы брифингте.
Алматы қаласы Қазақстан бойынша референдумда дауыс берушілер санынан көш бастап тұр. Қалада референдумда дауыс беру құқығына ие 1 260 000 адам бар. 495 000 мекенжайға шақыру қағаздары таратылған. Бұл туралы Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қазыбек Өмірзақұлы мәлімдеді.
Оның сөзінше, биылғы жаңалықтың бірі – тұрақты тіркеуі жоқ азаматтардың да референдумда дауыс бере алатыны.
Одан бөлек, Алматы қаласы тұрғындары үшін 4 түрлі цифрлы сервис енгізілген.
"Біріншісі – QR кодтар, екіншісі – Telegram боттар, үшіншісі – қала сайтындағы сілтеме және open.almaty сайтындағы сервис. Бұл сервистер арқылы тұрғындар ЖСН нөмірін енгізіп, қай учаскеде дауыс беру керек екенін біле алады", – дейді маман.
Алматыда референдумға орай 4000-нан аса маман арнайы оқытылған.
Учаскелерде референдумға арналған құрылғылар да сақадай-сай.
Бір ғана Бостандық ауданының 254 референдум учаскесінде дайындық жоғары деңгейде жүргізілген.
"Бұл жерде зағип жандарға арналған арнайы құрылғы бар. Ол Брайль қарпімен жасақталған және дыбыстық қолдауы бар, осылайша, көру қабілеті нашар азаматтар да таңдау жасай алады", – дейді учаске төрағасының орынбасары Айтолқын Үсенбаева.
Референдумға дайындық Түркістан облысында да қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыста 945 сайлау учаскесі бар, оның ішінде 26-сы – жабық сайлау учаскесі.
Түркістан облысында дауыс беру құқығы бар азаматтардың саны – 1 180 176. Сайлаушылар саны көбі – Сайрам ауданы (137 776 азамат), сайлаушылар саны ең азы – Бәйдібек ауданы (28 590 азамат).
Республикалық референдумға облыс бойынша 6 351 комиссия мүшесі тартылған. Оның ішінде 1 облыстық (7 мүше), 17 аумақтық (119 мүше) және 945 учаскелік референдум комиссиясы (6 225 мүше) бар.
Комиссия мүшелерінің 90 пайызының түрлі деңгейдегі сайлау науқандарын өткізуде тәжірибесі бар.
6 қазанға жоспарланған республикалық референдум кезінде Қызылорда облысында 380 учаске жұмыс істейді. Оның 126-сы Қызылорда қаласында, қалғаны аудандарда орналасқан.
Дауыс беру құқығына ие қызылордалықтар саны – 495 780. Оның басым бөлігі, яғни 208 мыңнан көбі облыс орталығында тұрады.
Комиссия төрағасы Әділбек Ерсұлтанов комиссия мүшелері 16-25 қыркүйек аралығында біліктілігін арттырғанын айтты. Оған қоса референдум процесін бақылау мақсатында 24 қоғамдық бірлестік аккредитациядан өтті.
"Дауыс беруші азаматтарға референдум болатын күн мен учаскелер туралы ақпаратты жеткізу үшін арнайы плакаттар, билбордтар ілінді. Халық көп шоғырланатын орындардағы LED экрандарда және жергілікті телеарналарда орталық референдум комиссиясы дайындаған бейнероликтер көрсетіліп жатыр. Тұрғындар referendum.orda.gov.kz сайты арқылы дауыс беру учаскесін нақтылай алады", – деді облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов.
Облыс әкімдігі референдумға қатысушылар үшін өте қолжетімді әрі оңай 4 сервисті іске қосты. Сайтта учаскелік референдум комиссиясының мекенжайы, байланыс деректері және комиссия мүшелерінің құрамы туралы ақпарат бар. Бұл қызметтер Smart Qyzylorda мобильді қосымшасында және Telegram желісінде де қолжетімді.
"Референдум кезінде жедел әрекет ету орталығының 109 бірыңғай байланыс қызметі күні-түні іске қосулы болады. Диспетчерлер тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, учаскелердің мекенжайы туралы ақпарат береді. Дауыс беру күні Қызылорда қаласында 5 учаскеде онлайн сервис ашылып, тізімде жоқ азаматтарды тіркеу қызметі қолжетімді болады", – деді Әділбек Ерсұлтанов.
Маңғыстау облысында 8 аумақтық және 250 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Соның ішінде азаматтарды тіркеу орындары бойынша – 238, уақытша орындар бойынша 12 комиссия жұмыс істейді.
Үш комиссия әскери бөлімдерде, екеуі емдеу-профилактикалық мекемелерде, біреуі тергеу және уақытша ұстау изоляторында, алтауы вахталық елді мекендерде орналасқан.
Өңірде референдумда дауыс беретін 435 162 азамат бар. Ең көп дауыс берушілер саны Ақтау қаласында, ал аудандар арасында Мұнайлы ауданы алда.
Референдум учаскелері материалдық-техникалық, байланыс құралдарымен жабдықталған.
Облыста мүгедектігі бар қатысушыларға – 2 961 адамға да барлық жағдай қарастырылған. 23 елді мекенге 15 инватакси қызметін және 9 сурдоаудармашыны тарту жоспарланып отыр.
Абай облысының орталығы Семейде де референдумға дайындық біраз уақыт бұрын басталған. Қалада тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 6 қазанда қоғамдық көлікте жол жүру тегін болады.
Өңірде "109" бірыңғай нөмірімен Call орталық та іске қосылды. Осы арқылы тұрғындар референдумда дауыс беру үшін сайлау учаскесінің мекенжайы мен нөмірін тексере алады.
"Call орталық тәулік бойы бойы жұмыс істейді. Барлық ұялы байланыс операторының абоненттері үшін қоңырау шалу тегін. Сайлаушыларға ыңғайлы болу үшін Telegram бот іске қосылды, оның көмегімен тізімінен өздеріңізді тексере аласыздар. Ол үшін Telegram мессенджерінде парақша болу керек", – деді әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі.
Қалада тұрғындарды референдумға қатысуға шақыратын баннерлер ілінген.
Ғимараттардың кіреберістерінде де референдумға қатысты парақшалар жапсырылған, онда референдум өткізілетін учаскелердің нөмірлері көрсетілген.
Ақмола облысында референдумға орай 765 учаске жұмыс істейді. Ал өңірде референдумда дауыс беретін 513 254 адам бар.
Көкшетау қаласында өңірдегі дауыс берушілердің ең көбі орналасқан, мұнда – 135 293 азамат бар, ал ең азы – Егіндікөл ауданында, яғни 3 793 азамат.
Петропавлда да референдумға дайындық қарқынды жүріп жатыр. Референдумға қатысты ақпараттар қаланың әр бұрышына орналастырылған. Сондықтан халық бұл маңызды шарадан бейхабар деуге негіз жоқ.
Билборд және баннер, плакаттарда бейбіт атомның тиімді тұстары жазылған.
Референдум күні дауыс беру ережелері тұрғын үйлердің кіреберісіне дейін ілінген.
Дүкендерде тауар сатып алушыларға референдум туралы парақтар қоса беріліп жатыр.
Халық штабының мүшелері, қоғам қайраткерлері мен еріктілер халықты алдағы референдум және атом энергиясын пайдаланудың тиімді тұстары туралы белсенді түрде ақпараттандырып жатыр.
Атом электр станциясының құрылысын қолдау жөніндегі Халық штабының мүшелері – облыстық мәслихат депутаттары "Есікке дейін" акциясы аясында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар жеке және көпқабатты үйлерді аралап, тұрғындармен сөйлесіп, үгіт-насихат парақшаларын таратты.
Еріктілер де бұл шарадан тыс қалмады. Петропавл Жастар ресурстық орталығының ақпаратына сүйенсек, 18 күн ішінде еріктілер ірі сауда орталықтары мен қала көшелерінде АЭС салу мәселесі бойынша алдағы референдумның маңызына байланысты сегіз мыңнан аса парақша таратты.
Жастар ресурстық орталығы қоғамдық даму және ақпарат орталығымен бірлесіп, АЭС құрылысына қатысты референдум туралы қала тұрғындарын хабардар ету мақсатында колледж студенттерімен ауқымды флешмоб ұйымдастырды.
Атом станциясы бейнеленген жалаулар мен баннерлер ұстаған студенттер қаланың орталық алаңын аралап, қала тұрғындарының ерекше назарын аударды.
Штаб мүшелері мен еріктілер кәсіпорындар мен оқу орындарында ақпараттық-түсіндіру мақсатында ондаған кездесу өткізді.
"Birgemiz" қорының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша волонтерлік фронт офисінің басшысы Анастасия Волкованың сөзінше, Жоғары медициналық колледж студенттерімен квиз ойыны форматында "Болашақ энергиясы" атты ерекше кездесу өткен.
Референдум өткізуге учаскелер де толық дайын. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 375 236 адам референдумда дауыс бере алады.
Облыс бойынша – 591 учаске жұмыс істейді, оның 97-сі Петропавлда. Облыс бойынша барлығы 606 референдум комиссиясы бар, олардың барлығы да жұмысқа дайын.
6 қазанда өтетін референдумда Шығыс Қазақстан облысы бойынша облыстық комиссия, 13 қалалық және аудандық, 538 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Референдум аясында комиссия жұмыстарына 3844 адам жұмылдырылған.
Өңірде барлық учаске жұмысқа дайын. 538 сайлау учаскесінің 525-і бірінші қабаттарда орналасқан, 492 учаске пандустармен жабдықталған, 511-інде әртүрлі тактильді тақтайшалар орналастырылған.
509 учаскеде арбаларды пайдаланатын азаматтарға жасырын дауыс беруге арналған кабиналар қарастырылған. Сондай-ақ дауыс беру күні инватакси тарту мәселесі де шешімін тапқан. 16 көлік жұмылдырылса, оның 10-ы Өскеменде, қалғандары аудандарда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ 117 учаскеде сурдоаудармашылар жұмыс істейді.
Референдум комиссиясы халықты ақпараттандыру үшін үздіксіз жұмыс жүргізіп жатыр. ШҚО аумағында 199 баннер орналастырылған, оған қоса 12 LED экранда республикалық референдум туралы ақпарат таратылады.
Ішкі саясат басқармасы мәліметінше, көрнекті орындарда ақпараттық сипаттағы 12 баннер, үгіт-насихат баннерлері орналастырылған. Сондай-ақ "Есікке дейін" түсіндіру акциясы іске қосылды, сол арқылы азаматтарға ақпарат беріліп жатыр.
Қарағанды облысы бойынша 650 референдум учаскесі және 14 аумақтық комиссия құрылды. Бұл жұмыстарға 4440 адам жұмылдырылды, оның ішінде 98 адам аумақтық комиссияларда жұмысы істейді.
Қарағанды облысы бойынша референдумда дауыс беретін 761 604 адам бар.
Приозерск қаласы өңір бойынша референдумда дауыс берушілер саны ең азы. Мұнда 6622 адам дауыс беруі қажет. Ал Қарағандыда 354 988 тұрғын референдумда дауыс береді.
Қостанай облысында да референдумға дайындық әлдеқашан қарқын алған. Сайлау учаскелері жұмыс істеп жатыр, сондай-ақ ақпараттық билбордтар орналастырылып, үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.
Ел тарихындағы аса маңызды шара туралы тұрғындар толық хабардар. Қостанай облысының аумағында 4388 адамнан тұратын 736 учаскелік комиссия жұмыс істейді.
Азаматтар референдумға уақытша орындардан дауыс бере алады, олардың саны – 17. Оған ауруханалар, тергеу изоляторлары және әскери бөлім жатады.
Учаскелік комиссиялардың мүшелері арнайы оқыған.
"Төрағалар, орынбасарлар мен хатшылар, учаскелік комиссиялардың басшылық құрамы – 200-ге жуық адам оқыды. Тестілеуден кейін олар өздерінің комиссия мүшелерін оқыта бастады. Осылайша, каскадты оқыту әдісі ұйымдастырылды. Оқу аяқталғаннан кейін барлығы тестілеуден өтіп, сертификаттар алды", – дейді Қостанай қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сания Шарипова.
20 қыркүйектен бастап әрбір дауыс беруші өз учаскесіне келіп, өзін тізімнен тексеруге мүмкіндік алды.
Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша өңірде республикалық референдумға қатысуға құқығы бар 505 673 адам тіркелген.
Павлодардың өзінде 240 мыңнан аса адам референдумда дауыс береді. Май ауданы өңір бойынша қатысушылар саны азы. Мұнда 6,5 мың адам референдум күні таңдау жасайды.
Өңір бойынша референдумға дайындық қарқыны анық сезіледі. Қалалар мен елді мекендердегі көшелерде, ғимараттарда билбордтар орналастырылған. Референдумды қолдау жөніндегі халық штабының жұмыс топтары ауыл тұрғындарымен, түрлі ұйымдар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың ұжымдарымен кездесулер өткізді.
Павлодар облысында референдум күні дауыс беруге арналған 520 учаске бар. Референдум күні учаскелерде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бұрыштар ашылады. Өзге өңірлердегідей, дауыс беру күні қалаларда инватакси жұмыс істейді.
Республикалық референдум алдында қызу дайындық Ақтөбе облысында да жүргізілді.
Учаскелік комиссия мүшелері арасында рөлдік ойындар ұйымдастырылды, ал бұл 6 қазанда бәрі кедергісіз өтуі үшін өте маңызды.
Аудандарда форматы ерекше семинарлар – импровизацияланған ойын өткізілді. Бұл – референдум алдындағы қызу дайындықтың бір түрі. Әдеттегідей, алдымен Әнұран шырқалды.
Кейін сайлаушылар бақылаушылардың қадағалауымен жасырын дауыс беру кабинасына өтіп, бюллетеньдерді жәшікке тастайды. Барлығы 6 қазанға жоспарланған референдумдағыдай.
"Қобда, Мәртөк, Хромтау аудандарында учаскелік референдум комиссияларының мүшелері үшін "Дауыс беру күні" рөлдік ойыны өткізілді", – деп хабарлады бұл туралы Ақтөбе сайлау комиссиясының өкілі.
Ал ресми мәліметтер бойынша облыста 569 846 адам референдумға қатысуға құқылы. Тізім алдын ала жасақталып, референдум комиссиясына табысталған.
Жетісу облысында референдумда дауыс беретін 4429 адам бар. Бүгінгі таңда облыс аумағында 423 учаске ашылды, оның ішінде 59-ы референдум күні Талдықорғанда жұмыс істейді.
Өңір бойынша сайлаушылар саны ең азы – Текелі қаласы, ал сайлаушылардың көбі, яғни 131 894-ы облыс орталығында тұрады.
Талдықорғанда референдум күні қоғамдық көлікпен жүру тегін болады.
Еске салайық, бұған дейін облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерінің өкілдері ұсынған мәліметтері мен есептеріне сәйкес жергілікті атқарушы органдар республика бойынша дауыс берушілердің тізіміне 12 миллион 244 мың 683 азаматты енгізгені белгілі болды.
Дауыс беретін учаскені анықтауға арналған нұсқаулықпен мына жерде таныса аласыздар.
"Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы. АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады", – деді Президент бейсенбіде өткен мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында.
2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын салу мәселесі бойынша референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Референдум 6 қазанға жоспарланды.
АЭС бойынша референдумға 15,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы республикалық референдумды ұйымдастыру мен оны 63 елде орналасқан 78 шетелдік сайлау учаскесінде өткізуге жұмсалады. Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мүшесі Сәбила Мұстафинаның айтуынша, жалпы соманың 71 пайызы барлық деңгейдегі комиссия мүшелерінің еңбекақысын төлеуге бағытталған.
Референдум жұмысына 70 мыңнан аса адам жұмылдырылған.
Кейбір сайлау учаскелері Қазақстанда жұмысын бір сағат ерте бастайды. Бұл туралы референдумның Орталық комиссиясында хабарланды. Мұндай учаскелерде дауыс беру таңғы сағат 7:00-де емес, таңғы 6:00-де басталады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!