- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Өңірлердегі шегірткенің көбеюі:...
Өңірлердегі шегірткенің көбеюі: жағдай Үкіметтің бақылауында
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қостанай облысына шегірткеге қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шараларды бақылау үшін барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтөбе облысында 8 шілдеден бері ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек жүр.
Жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіру үшін облыс әкімдері орынбасарларының басшылығымен жедел штабтар құрылды. Биологиялық тиімділігі жоғары, яғни 85%-дан төмен емес, Вантекс, Тиаметрин, Карат супер, Фобос, Фипрон препараттарымен жүргізіледі. АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қостанай және Ақтөбе облыстарының өңірлік бөлімшелерінің деректері бойынша осы препараттардың қажетті көлемі қолда бар.
Химиялық өңдеулерді жүргізу үшін Қостанай облысында 9 желдеткіші бар сепкіш, 3 ұшақ, 6 дельтаплан, 13 аэрозольді газ генераторы жұмылдырылды. Ақтөбе облысында 56 арнайы сепкіш техника, оның ішінде 19 желдеткіші бар сепкіш, 19 аэрозольді газ генераторы, 8 аса жеңіл авиация кемесі және 10 ұшақ бар.
Жалпы, республика бойынша италиялық шегірткеге қарсы өңдеу 1,2 млн гектарға немесе 92,3 пайызға жүргізілді. Жұмыстар Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарында толық аяқталды.
Бір күн бұрын Абай облысында зиянкестердің көбейе бастағаны тіркелген еді, ол тиісті іс-шараларды уақытылы жүргізудің арқасында қауіп толығымен жойылды. Атап айтқанда, Шаған ауылында 120 га жайылымдық жер өңделді, егістіктегі ауыл шаруашылығы дақылдары зардап шеккен жоқ.
Шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары олар шамадан тыс таралған кезде, яғни егіншілік өнімдеріне қатты зиян келтіруі мүмкін кезде жүргізіледі. Өңдеу таңертең және кешкі уақытта, шегірткелер белсенді болмай, бір орында шоғырланған кезде жүзеге асырылады, бұл дәрі-дәрмектерді қолданудың тиімділігін едәуір арттырады.
Жалпы, өңірлер бойынша мониторинг және тиісті іс-шаралар жалғасып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина