Өңірлерде "Жайлы мектеп" бағдарламасы қалай іске асып жатыр?

Былтыр "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қолға алынған еді. Жоба жоспары бойынша 2023-2025 жылға қарай заманауи, жайлы 400-ден аса мектеп салынуы керек. Бұл - бұрын соңды болмаған жоба, себебі жоба шеңберінде жаңа форматта мектептер соғылады. Жоба аясында 840 мың жаңа орын беріледі, 2,6 триллион теңге бөлінеді. Одан басқа, бұл орындар жаңа стандартарға сай мектептер салынады. Бұл жоба аясында, 2025 жылға дейін, үш ауысымдық режимде жұмыс істейтін мектептер, апат жағдайындағы мектептер мен орын тапшылығы жойылады. Қазір елімізде кей оқу орны бұл жоба арқылы жаңарып, құрылысы жөндеуге келмейтін елді мекендерде жаңа мектептер салынып жатыр. 

"Жайлы мектеп" жобасының қандай айырмашылығы бар?

Жобаның артықшылығы көп. Мәселен, бірнеше спортзалдар, бастауыш пен жоғарғы сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар, балаларға арнайы салынған дәретханалар, эко-жүйе бойынша салынған кабинеттер салынады. Мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай жүреді. Сонымен қатар, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спортзалы болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады.  Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен "ауызсу фонтандары" қойылады. Бұдан бөлек, әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады.

Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиіс жағдайлар жасалады.

Еліміздің қай өңірінде бұл бағдарлама бойынша құрылыс басталды?

Алматы облысы

Алматы мегаполисінің іргесінде мектебі мен балабақшасы жоқ, тіпті ауыл тұрғындарының  қалаға қатынайтын қоғамдық көлігі, ауыз су мен заман сұранысына сай қажеттілік интернеті де жоқ ауыл жетерлік. 

Ауыл тұрғындары жыл сайын басталады деген мектеп құрылысын күтуден шаршағанын айтқан. Долан ауылында 10 мыңға жуық тұрғын бар, оның ішінде 2 мыңнан астамы 18-ге толмаған балалар екенін ескерсек, мәселенің өзекті екенін аңғарамыз. 

Қазір Долан ауылындағы 1-4-сынып оқушылары ескі ғимараттың апатты деп танылуына байланысты 2022-2023 оқу жылында ауыл арасында "котежді қалашық" атауымен танымал 43-ші учаскеден жалға алынған жер үйлерде білім алып жүр. Ал 5-11-сынып оқушылары көрші ауылдарға арнайы қатынап оқиды. Суреттегі жер үйлердің сыртқы көрінісіне қарап-ақ көп оқушыны қамти алмайтынын байқаймыз. Алайда дәл қазір бастауыш сынып оқушылары қысылып қымтырылып осы жерде білім алуға мәжбүр. 

Бұл мәселеге байланысты жергілікті әкімдік пікір білдірді. Олар мектептің барлық жобалау-сметалық құжаты дайындалып, республикалық "Жайлы мектеп" бағдарламасы аясында 1200 балаға арналған мектеп құрылысы биыл басталатынын, "мектеп салуға 2 гектар жер де дайын тұр" деп сендірді. 

Абай облысы

Абай облысындағы Ақтоғай ауылында бастауыш сыныптағы 160 бала аядай үш бөлмеде оқып жатыр. Бұл ғимарат бұрын дүкен болған. Өңір басшылары он жыл бұрын жаңа білім ошағының құрылысын бастаған. Алайда белгісіз себептермен құрылыс бітпеген.

"Қазақстан" телеарнасының мәліметінше, кішкентай бөлмелерге қамалған 160 оқушы осылай білім алуға мәжбүр. Ал жиналыс ені 1 метрге жетер-жетпес кіреберісте өтеді.

"Өте тар мектебіміз. Мынау міне "мұғалімдердің бөлмесі" деп айтамыз. Өте кішкентай бөлме. Бір ғана, екі адам сиятын. Балалардың киім ілетін жерлері жоқ. Кіреберіс, қосымша шығатын есікті киім ілетін жер етіп жасап қойдық. Стандартқа сай мына жер - 2,5 метр. Тақтадан баланың көзіне зиян келетін жерге жүргізе алмаймыз, СанПин нормасын. Өйткені балаларымыздың тарлықтан парталары бір-біріне жақын", - дейді мектеп директоры Гүлзипа Кесікбаева.

Ал Ақтоғай жалпы орта мектебінде 413 оқушы бар. Бастауыштан бөлек, қалған 245 бала осы 8 жылдық мектептің ғимаратында білім алып жүр. Былтыр қаржы бөлініп, бастан аяқ жөнделген. Бірақ денешынықтыру үшін спорт залы шағын. Мәдени шараларды өткізетін орын мүлдем жоқ.

"Аягөзге жарыстарға бардым. Олардың спортзалын көрген едім. Оларда өте дәу. Біз ондай спортзалды тек теледидардан ғана көреміз", - дейді 9-сынып оқушысы Шыңғыс Қабидолла.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нускина осы жағдайға қатысты пікір білдірді.

"Мектеп Ақтоғай ауылынан салынады. "Жайлы мектеп" жобасы аясында 300 орынға салынады. Қаражаты 2 миллиард 900 мың деп қарастырылған. Мектеп 2024 жылы салынып басталады", - деді ол.

Қарағанды облысы

Қазақстанда 170-ке жуық мектеп үш ауысымдық режимде жұмыс істейді. Мұндай оқу орнының көпшілігі Қазақстанның оңтүстігінде. Үш ауысымда жалпы 300 мыңға жуық бала оқиды. Ал Қарағандыда үш ауысыммен оқыту тек Алтынсарин лицейінде қалды.

Бұл мектепте 1200 баланың орнына 3 мыңға жуық оқушы білім алады. Тіпті бесінші сыныптың саны 12-ге жеткен.

"Жаңа үй сала бергенше, неге мектеп салмайды? Ұстаздарға да, балаларға да оңай болар еді. Немерем 2 "з" сыныбында оқиды. Барлығы толып тұр. Бала өте көп. Аудан да тығыз орналасқан. Сол үшін мектеп артық етпейді", - дейді қала тұрғыны Ольга Тен.

Барлық сыныпты сыйдыру үшін лицейде мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Бірақ оңтүстік-шығыстағы көпқабатты үйлер саны тым қарқынды деңгейде өсіп жатыр. Ал мектептер саны сәйкес келмейді. Жыл сайын бірінші сыныптарға бұрынғыдан 1200-ге көп оқушы барады.

"Әрине, қиындық бар. Сабақ кестесі тығыз орналасқан. Ауысым араларында санитария-гигиена талаптарын орындау барысына 30 минут қана беріледі. Қосымша үйірмелерді өткізу жағынан да қиындықтар бар", - деп жауап берді Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім.

Биыл Қазақстан бойынша төрт жүз мың бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттамақ. Ал Қарағандыда 8 мыңнан аса оқушы бірінші сыныпқа барады. Мәселені шешу үшін Үкімет "Жайлы мектеп" ұлттық пилоттық жобасын іске қосты. 2025 жылға дейін 840 мың оқушыға арналған 401 заманауи мектеп салу жоспарланып отыр. Оның 8-і Қарағандыда салынатыны айтылды.

Ал Алтынсарин лицейіндегі бала санын азайту үшін жақын маңда 3 мектеп салынбақ. Олардың екеуінің құрылысы биыл басталады. 

Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында "Жайлы мектеп" жобасының жүзеге асырылу барысы қаралды. "Жайлы мектеп" жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленді. Жоба республикадағы 800 мыңнан аса, оның ішінде Ақтөбе облысындағы 17 мыңнан аса оқушының заманауи мектепте білім алуына мүмкіндік береді.

Осы мақсатта өңірде 20 мектеп бой көтереді деп жоспарланып жатыр. Оның 14-і - 2024 жылы, 6-ы - 2025 жылы пайдалануға беріледі. Білім беру нысанының басым бөлігі Ақтөбеде салынады, өйткені мұнда Батыс-2 сияқты жаңа тұрғын үй алаптары салынып жатыр. Оқушыларға орын тапшы. Сонымен қатар, 1 мектеп - Қандыағаш қаласында, 4 мектеп - ауылдарда бой көтереді. Осылайша, Шұбарқұдық ауылында апатты мектеп мәселесі шешіліп, Кеңқияқ ауылында жаңа ғимарат салынады.

Облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының деректеріне сәйкес, қазір жобаларды уақытылы іске асыру бойынша шаралар қабылданып жатыр, айтарлықтай проблемалық мәселелер жоқ. Облыс әкімі әрбір жобаны тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы және белгіленген мерзімде орындалуға тиіс. Әр мектептің мерзімі мен оған жауапты тұлғаларды анықтай отырып, жұмыс кестесін жасаңыздар", - деп тапсырды Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, білім басқармасына жаңа мектептердің кадрлық құрамын қалыптастыруға қатысты жұмыстарды бастау жүктелді.

Тұрар Қазанғапов

Маңғыстау облысы

"Орта білім беру саласындағы жағдай да мәз емес. Облыстағы 13 мың оқушыға мектептен орын жетпей жатыр. Апатты жағдайда тұрған, үш ауысыммен оқытатын мектептер бар. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы бойынша Маңғыстау аймағында алдағы үш жылдың ішінде 21 мектеп салынады. Бірақ бұл да жеткіліксіз", - деді Президент Маңғыстау облысындағы жиында.

Сондай-ақ, ол облыс әкімдігіне үш жылдың ішінде үш ауысыммен оқытатын мектептердің мәселесін толық шешуді тапсырды.

"Бұл жұмыста бизнестің мүмкіндігін кеңінен пайдаланған жөн. Қажет тәжірибе бар. Кейінгі екі жылда аймақта 19 жекеменшік мектеп ашылған. Облыста қала мен ауыл, Ақтау мен Жаңаөзен мектептері арасында білім сапасы бойынша орасан зор алшақтық бар. Бұған жол беруге болмайды", - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Президент білім деңгейі әр баланың тұлға болып қалыптасуына әсер ететінін айтып, барлық оқушыға бірдей сапалы білім берілуі керегін айтты. 

Қызылорда облысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басаасымен елімізде 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ұсынысы негізінде алдағы 3 жылда Қызылорда облысында 15 мың орынға арналған заманауи 21 мектеп салынады деп жоспарланып жатыр. Жобаның жалпы құны - 100 миллиард теңге. Атап айтқанда: Қызылордада - 8, Аралда - 4, Қазалыда - 2, Қармақшыда - 2, Жалағашта - 1, Сырдарияда - 1, Шиеліде - 1 және Жаңақорған ауданында заманауи 2 мектеп бой көтереді.

Облыстық білім басқармасының басшысы жоба аясында биыл өңірде 10 мектептің құрылысы басталатынын айтып, олардың өзге мектептерден айырмашылығын сөз етті.

"Мамыр-маусымда 10 мектептің құрылысын бастаймыз. Бүгінде барлығының жері рәсімделді. Сметалық құжаттары дайындалды. Жалпы ерекшелігіне келсек, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқитын болады. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Сондай-ақ бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады, заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Арнайы білімді қажет ететін балалар үшін қажетті жағдай жасалады", - деді Облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет.

Жалпы, 2023 жылға білім саласына 260 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Алдағы 3 жылда облыстағы үш ауысымды және апатты мектептердің жағдайы толық шешіледі деп күтіледі, ауылдық елді мекендердегі мектептер жаңғыртудан өтеді.

Былтыр апатты деп танылған 6 мектептің үшеуінің мәселесі шешімін тапты, ал қалған 3 мектеп "Жайлы мектеп" жобасы аясында салынатын болады. Бұдан бөлек, биыл 5 мектепті пайдалануға беру жоспарланып жатыр. Сондай-ақ, биыл жоспарға сәйкес ауылдық елді мекендегі 47 мектеп жаңғыртудан өткізіліп, 51 мектепке пәндік (физика, химия, биология) кабинеттер алынатын болады.

Білім саласындағы тағы бір қуанышты жаңалық, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл 1-4 сынып оқушылары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылып жатыр. Бұл облыс бойынша алғаш рет жүзеге асырылып отыр.

Ернар Алмабек

Ақмола облысы

Өңірде 11 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Тоғыз мектептегі жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады. Сондай-ақ, өңірде 6,7 мыңнан аса орынға арналған 15 мектептің құрылысы жалғасып жатыр.

БАҚ мәліметінше, облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповтың айтуынша, 11 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге облыстық және республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінген. 

"Ауыл мектептері де назардан тыс қалмайды. "Ауыл - ел бесігі" арнайы жобасы аясында екі мектеп қалпына келтіріледі. Бұған 628 миллион теңгеге бағытталып отыр. Тоғыз мектептің күрделі жөндеуі жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады", - деп сендірді облыстың бас педагогы.

Ол, сондай-ақ, мердігерлердің шарттық міндеттемелерін дұрыс орындамауына байланысты екі мектептегі жұмысты аяқтау мерзімдерін кешіктіру қаупі бар екенін атап өтті. Бұлар - Егіндікөл ауданы Егіндікөл ауылының №2 және Жарқайың ауданындағы Отрадное ауылының негізгі орта мектебі.

"Жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін олардың оқушылары үшін оқу орындары анықталатын болады", - деп атап өтті Бейбіт Жүсіпов.

Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан орта білім беру ұйымдарының қатарында Ақкөл қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Исаков атындағы №1 мектеп бар. Ғимарат сонау 1978 жылы салынған. Жобалық қуаты - 620 оқушыға арналған. 2020 жылы мұнда "Жұмыспен қамтудың жол картасы" мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеу жүргізілді. Сол жылы құрылысшылар шатырды ауыстырды, пластик терезелер орнатты, еденді жөндеді, сондай-ақ, спортзалға жылыту батареяларын орнатты. Бас мердігер-павлодарлық "КазЕвроСтрой" компаниясы.

"Күрделі жөндеу аясында ішкі әрлеуден басқа, терезелер мен есіктер, қоршаулар ауыстырылады, ғимараттың қасбеті, электр қуаты, өрт дабылы, едендер, спорт алаңы мен хоккей корты, қазандық жаңартылады", - деп нақтылады басқарма басшысы.

Жұмысты оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланып жатыр. Құрылысқа келер болсақ, биыл өңірде 6752 орындық 15 мектеп салу жалғасып жатыр. Оның ішінде Өтеміс ауылында 120, Жаңа жолда 80, Целиноград ауданының Шұбар ауылында 300, Аршалы ауданының Жібек Жолы және Жалтыркөл ауылдарында 300 орындық; Біржан сал ауданының Бұланды ауылында 80, Сандықтау ауданының Петровка ауылында 80; Көкшетауда 320 орындық оқу-тәрбие кешені, Степногорск маңындағы Бестөбе кентінде 300, Көкшетау қаласындағы Қосшыда әрқайсысы 1200 орындық үш мектеп, сондай-ақ Ақкөл қаласындағы №4 орта мектепке, облыс орталығындағы №4 арнайы мектеп-интернатқа қосымша ғимараттар салынып жатыр.

"Бүгінде Қосшыдағы 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Ол 1 қыркүйекте есігін айқара ашады. Жыл соңына дейін тағы бес ғимаратты іске қосу жоспарланып жатыр. Олардың жалпы қуаттылығы 1932 орындық (Өтеміс, Жібек Жолы ауылдарында, Қосшы қаласында, Көкшетаудағы оқу-тәрбие кешені және Ақкөлдегі орта мектепке қосымша ғимарат). Қалған тоғыз мектеп - 2023 жылы қолданысқа беріледі", - деп түсіндірді Бейбіт Жүсіпов.

Жаңа оқу жылында Ақмола облысының 546 мектебіне 136 мыңнан аса оқушы, оның ішінде 14 879 бірінші сынып бүлдіршіндері мектеп табалдырығын аттайды.

"Ғимараттар жылу беру маусымына дайындалуда. Блокты-модульді қазандықтар орнатылуда, отын сатып алынып жатыр. Сондай-ақ, мектептердің қауіпсіздігіне үлкен көңіл бөлінеді.  Бүгінде барлық мектеп пен балабақша бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Білім беру ұйымдарында турникеттер мен дабыл түймелері орнатылады. 1 қыркүйекке дейін облыстың қалалары мен аудан орталықтарындағы барлық мектептер мамандандырылған күзетке өтеді", - деп түйіндеді басқарма басшысы.

Атырау облысы

Атырауда "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 12 мектеп салынады. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының Атырау облысында іске асырылуы бойынша әкімдік отырысы өтті.

Бұл жобаның орындалу барысы бойынша облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасова баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстағы 25 мың орын тапшылығын жою үшін 2023-2025 жылдар аралығында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында өңірімізде 12 мектеп салынады.

"Қазіргі таңда 9 мектептің құрылысы бойынша бөлінген жер теліміне мемлекеттік акт алынды. Атап айтсақ, Атырауда Сарыөзек ауылында 300 орындық орта мектеп, Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында, Құрманғазы ауданының Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында 600 орындық орта мектеп, Атырау қаласы Жұлдыз-2, Жұлдыз-3, Ақсай-2 ықшамауданында 900 орындық орта мектеп, Жылыой ауданы Құлсары қаласы Атырау ықшамауданында, Атырау қаласы Водниково ауылында 1200 орындық орта мектептің құрылысы салынады",-деді Гүлнәр Сәдуақасова.

Жиында облыс әкімі өңірде бой көтеретін мектептерді тәжірибелі, жауапты мердігер мекемелерге беруді, құрылысты уақытылы аяқтауын қадағалауды, білікті мамандарды жұмысқа тартуды тапсырды.

"Кадр тапшылығы - күрделі мәселе. Мектепті салып, керек құрал-жабдықпен жасақтап, кабинеттерді сақадай сай дайындағанмен, онда білім беретін маман болмаса, құны бес тиын. Сапалы білім бермейтін жерге ата-ана да баласын оқытпасы анық. Сондықтан бұл мәселе басты назарда болуға тиіс",-деді Серік Шәпкенов.

Ернар Алмабек 

 Батыс Қазақстан облысы 

"Бүгінде облыста 12 апатты және 9 үш ауысымды мектеп бар. 2023 жылы 27 мектептің құрылысы басталады, оның ішінде 9 мектеп "Жайлы мектеп" ұлттық пилоттық жобасы аясында салынады. Жыл аяғына дейін 18 мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз", - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында.

Ол мектеп оқушыларын тасымалдау үшін 54 автобус сатып алынғанын атап өтті. Облыс аумағында 9 спорт кешені пайдалануға берілді, төртеуі салынып жатыр. Тағы бір кешен құрылысын 2024 жылы бастау жоспарланып отыр. Биыл Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана құрылысы аяқталады.

"Облыста 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету - 100 пайыз. Бүгін 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту - 84,3 пайыз. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 100 пайызға жеткізу жаспарланды", - деп қосты спикер.

Жамбыл облысы

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыру қаралды. Samruk-Kazyna Construction АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жамбыл облысында 2023-2025 жылдары "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында  жалпы 9500 оқушыға арналған 13 мектеп салу жоспарланған (Таразда - 4, Байзақ ауданында - 2, Жамбылда - 1, Қордайда - 3, Меркіде - 1, Шуда - 2).

Биыл құрылысы басталатын 8 мектеп 2024 жылы, 5 мектеп 2025 жылы (2024 жылы басталады) пайдалануға беріледі деп жоспарланып жатыр. Нақтырақ айтсақ, биыл Тараз қаласында 4 мектеп, Байзақ ауданында 2 мектеп, Қордай ауданында 2 мектептің құрылысы басталады.

Жайлы мектептер бірыңғай стандартқа сай салынатын болады. Samruk-Kazyna Construction АҚ бірыңғай операторы 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 орындық мектептердің үлгілік жобаларын әзірлеп жатыр.

Жиын барысында жер бөлу және инженерлік коммуникацияларды жүргізу, мектептерді интернетпен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жаңа форматтағы мектептер қажет оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау жүйелерімен толық қамтылатынын атап өтті.

Мәулен Айманбетов техникалық және авторлық қадағалау қызметінің тиімді жұмысының маңыздылығына  назар аудартты.

"Ұлттық жоба мектептердегі орын тапшылығын жоюға, апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге  бағытталған. Біздің мақсатымыз - балалардың жайлы жағдайда сапалы білім алуын қамтамасыз ету", - деді Нұржан Нұржігітов.

Ұлытау облысы

Ұлытау облысында "Жайлы мектеп" жобасы аясында 7 мектеп салынады. Оның алғашқысы биыл 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі. Бұл туралы жобаның үйлестірушілері айтты. 

Құрылыс жүретін аумақтар анықталды. Заманауи үлгідегі мектептердің екеуі облыс орталығында, біреуі Жезқазғанның іргесіндегі Қабанбай батыр шағын ауданында бой көтереді. Өзгелері Сәтбаев қаласы мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандарында салынады. Жалпы, аймақта орта біліммен қамту көрсеткіші жаман емес. Мектептер тек 2 ауысыммен жұмыс істейді. Қазір облыстық білім басқармасы жаңадан салынатын жайлы мектептерге кадрлар тарту ісіне қызу кіріскен.

"Конкурсқа сәйкес барлық дайындық жұмысы аяқталды. Келесі аптаның дүйсенбісінде жалпы конкурсты жариялаймыз. Біз жергілікті құрылыс компанияларына 5 пайыздық жеңілдік беріп, сол жергілікті құрылыс жүргізіп жүрген компаниялар қатысып ұтып ала алады", - деді Samruk-Kazyna Construction АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов. 

Білім басқармасының басшысы да бұл жобаға қатысты пікір білдірді. 

"Құрылыс басталғалы бірден сол кадрды жасақтаумен айналысамыз. Бірінші кезекте басқарушылар болатын болса, біз ол жерде қанша сынып ашылатынын жоспарлай отырып, қажеттілікке енгізіп отырмыз. Болашақта біздің мынау әкімнің тарапынан берілетін мемлекеттік грандтарда да ол ескеріледі. Біздің өңірімізде педогогикалық оқу орны жоқ болғандықтан, өзімізге жақын орналасқан немесе республикадағы іргелі педагогикалық маман дайындайтын оқу орындарымен жұмыс жасағанда тапсырысты соған береміз", - деді облыстық Білім басқармасының басшысы Сапура Төлекова.  

Ернар Алмабек

Шығыс Қазақстан облысы

Өскеменде жұмыс сапарымен барған Samruk-Kazyna Construction АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен кездесті. Кеңеске құрылыс, сәулет және қала құрылысы, білім беру, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының басшылары қатысты.

Жиналыстың күн тәртібінде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыру бойынша бірінші кезектегі шаралар: жер телімдерін бөлу, инженерлік коммуникациялар жүргізу, құрылыс материалдары мен жабдықтарын отандық жергілікті өндірушілердің қатысуы қарастырылды. Шығыс Қазақстан облысында ұлттық жоба аясында 10 мектеп салу жоспарланып жатыр, оның 3-і облыс аудандарында (2024 жылы 7 мектеп, ал 2025 жылы 3 мектеп құрылысын аяқтау жоспарланып жатыр).

Кездесу барысында екі тарап отандық құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар салу перспективалары туралы пікір алмасты. Өскеменде ескі тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасын іске асыру мәселесі жан-жақты қаралды. Тұрғын үй құрылысы бойынша және құрылыс материалдарын импортты алмастыру бағдарламасын іске асыру шеңберінде бірлескен жұмысты жандандыруға өзара дайын екенін айтты.

Астана

Астанада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биыл жаңа оқу жылында 11 білім ордасы есігін айқара ашады.

Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-парақшасында жазды. 

"Қалада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 11-ін келесі оқу жылында ашуды жоспарлап отырмыз. Бірқатар мектептің құрылыс барысымен таныстым. Олар Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында, Көксеңгір көшесінің бойында, Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысында, Тұран даңғылының бойында, Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысында орналасқан", - деді қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысындағы білім ордасы 87 жыл бұрын салынған ескі мектепті алмастыруға мүмкіндік береді. Жаңа оқу орны екі ауысымда 2400 оқушы орнына есептелетін болады.

Көксеңгір көшесіндегі мектеп (Кирпичный елді мекені) осыған дейін апатты деп танылған, қазір бұл мектептің орнында жаңа оқу орнының құрылысы жүріп жатыр. Қазір бұл елді мекенде басқа мектеп жоқ, сол себепті оқушылар өзге аудандарға қатынап оқиды.

"Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысындағы және Ұлы Дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысындағы білім ошақтары №85 мектеп-лицейінің және №89 мектеп-лицейінің үш ауысымды проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Бұл мектептердің әрқайсысы екі ауысымда 2400 оқушыға арналған", - деді елорда әкімі.

Бұдан бөлек, Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы екі жылда Астанада "Жайлы мектеп" жобасы аясында 24 мектеп салынатынын мәлімдеді.

Алматы

Алматыда Жетісу ауданының мектептеріндегі оқушы орындарының тапшылығы салыстырмалы түрде қолайлы: бүгінгі таңда тапшылық шамамен 3000 орын. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.

Халық санының өсуі мен аудандағы тұрғын үй құрылысының қарқынын ескере отырып, биыл Боралдай көшесінде 1200 орындық мектептің құрылысы басталады. Ол "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынады.

"Сонымен қатар, 148, 103 және 112 мектептерге 750 орындық қосымша құрылыс салу жұмыстары жүріп жатыр. 148-ші мектепке 300 орындық қосымша ғимараттың құрылыс-монтаждау жұмыстары қолға алынды, ол 2023 жылдың III тоқсанында аяқталады. Ал биыл маусымда Айнабұлақ шағын ауданындағы 160 орындық балабақшаның құрылысы аяқталады", - деді Ерболат Досаев.

Алмалы ауданында оқушы орындарының тапшылығымен байланысты ахуал салыстырмалы түрде қалыпты жағдайда. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев хабарлап, оқушылардың жалпы контингенті 37 мың оқушы кезінде тапшылық 1 мың орыннан сәл асатынын жеткізді.

Биыл Райымбек даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысында 1,5 мың орындық жаңа мектептің құрылысы басталады. Бұл "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Құрылыс 2024 жылы аяқталады.

Ал тамызда №136 мектеп-гимназияны күрделі жөндеп, сейсмикалық күшейту үшін сараптама қорытындысын алу көзделген. Сонымен қатар, екі мектепке: №16 мектепке 300 орындық және №58 мектепке спорт залы мен акт залына қосымша ғимараттар салынады. 

Ернар Алмабек

Шымкент

Биыл ақпанда Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша кеңес отырысы өтті.

Samruk-Kazyna Construction АҚ Басқарма төрағасы Маулен Айманбетов пен тиіс сала басшылырының қатысуымен өткен жиында мектеп құрылысы үшін жер телімдерін ресімдеу, инженерлік желілерді жобалау, құрылыс компанияларына қойылатын біліктілік талаптары пысықталды. Сондай-ақ, отырыста ұлттық жобаны іске асыруда жергілікті отандық материалдардың пайдаланылуы, оқушылар үшін қауіпсіз орта құру қажеті ерекше атап өтілді.

Шымкент бойынша орта білім беру нысандарын салу жөнінде Жол картасы жасалады. Ұлттық жоба аясында қалада 25 мектеп салынады, биыл - 12, келесі жылы 13 ғимараттың құрылысы жүргізіледі.

Қазір қалада үш ауысымды 4 білім ошағы бар. Жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін ғимараттар есебінен бұл мәселе түбегейлі шешіледі.

Қала басшысы жауаптыларға салынатын ғимараттардың сапасын, өндірістік кестеге сай аяқталуын қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ, құрылыс жүргізілетін аумақтарды тиісті инфрақұрылым жүйелерімен қамтамассыз ету, ғимараттардың барлық талапқа сай жабдықталуы бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!