Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инвестиция тарту экожүйесін жетілдіру және инвесторларға қолдау көрсету мақсатында әр өңірде арнайы инвестициялық штабтар құрылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында вице-премьер – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің телеграмдағы парақшасына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, жаңа құрылатын өңірлік штабтар инвесторлардың мәселелерін "осында және қазір" қағидаты бойынша шешуге бағытталады. Штабтар әкімдердің басшылығымен жұмыс істейтін болады және олардың құрамына жергілікті атқарушы органдардың басшылары, Kazakh Invest өкілдері, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, арнайы экономикалық аймақтардың өкілдері, сондай-ақ прокуратура мен салық органдарының өңірлік өкілдері кіреді.
"Әр өңірде әкімдердің басшылығымен Өңірлік инвестициялық штабтар құрылатын болады, олардың құрамына жергілікті атқарушы органдардың басшылары, Kazakh Invest, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, арнайы экономикалық аймақтың, прокуратура мен салық органдарының өңірлік өкілдері кіреді. Бұл инвесторлардың проблемаларын "осында және қазір" қағидаты бойынша жедел шешуге мүмкіндік береді", - деді Нұрлан Байбазаров.
Министр бұл штабтар "инвесторларды іздестіруден бастап жобаларды толық аяқтауға дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын инвестициялық процесті толығымен сүйемелдеуді қамтамасыз ететінін атап өтті. Сонымен қатар, бюрократиялық кедергілерді жою және квазимемлекеттік сектор тарапынан қажетті қолдау көрсету қарастырылған. Бұл тәсіл 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың өзекті тұжырымдамасында өз орнын табады".
Сонымен қатар, министр аймақтық деңгейде инвестиция тарту бойынша таргеттелген жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.
"Өңірлердің және жергілікті бизнестің қажеттіліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескеретін арнайы Өңірлік инвестициялық бағдарламалар негізінде "инвестицияларға тапсырыстар" қалыптастырылатын болады", - деп түсіндірді Байбазаров.
Бұл механизм өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және экономиканы әртараптандыруға септігін тигізеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!