Астана қаласының тұрғыны интернеттегі онлайн курсқа жазылып, алаяқтың құрбанына айналды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күдікті өзін кәсіби маман ретінде көрсетіп, 25 жастағы жәбірленушіге шаш үлгілерін жасау бойынша онлайн курс ұсынған. Сонымен қатар ол шет елдермен киім саудасын жүргізуге көмектесетін мүмкіндіктер ашатынын айтып, сенім ұялатқан. Алаяқ өз курсына қызығушылықты арттыру үшін 4 дана Dyson аппаратын сыйға беремін деп уәде еткен. Жәбірленуші алаяқтың есепшотына шамамен 2 миллион теңге көлемінде қаражат аударған. Курстың екі күннен кейін басталатынын естіген жәбірленуші оны бір апта бойы күтіп, ақыры алданғанын түсінеді. Ол бірден полицияға жүгінеді.
Алаяқтық әрекеттің ізін суытпай ашқан Алматы ауданының полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні ұстады. Тергеу барысында бұл жалғыз оқиға емес екені белгілі болды.
Күдікті осындай тәсілмен тағы он адамды алдап, олардың қаржысын иемденгені анықталды. Қазір алаяқтық ісі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!