Шариғатқа сәйкес, адам, өз атынан басқа бір адамды таңдап, оны уәкіл қыла алады. Себебі, адам баласы кей жағдайларда белгілі бір істерді орындауға жарамай қалуы мүмкін. Сол кезде біреудің көмегін пайдаланып, ісін тапсырып, уәкіл етеді.
Сондықтан да құрбандықты үйден шықпай-ақ беруге болады. Яғни, ниетті адамның өкілі құрбан шалудағы сатып алу, бауыздау, тарату сынды әрекеттерді атқара алады. Шариғатта бұл қарым-қатынас "уакалат" деп аталады. Ал құрбандық шалудың бұл түрін "онлайн құрбандық шалу" деп атауға болады.
Біздің мәзһабта құрбан айт кезінде құрбандық шалмай ақшасын садақа ету дұрыс емес. Шариғат бойынша құрбан малы бауыздалып, қан ағызу – міндет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) "Кімде-кім шамасы бола тұрып құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жоламасын", – деген. Бұндай ескертпе уәжіп міндетінен тайқыған адамға қаратылып айтылады.
Егерде сатып алынған құрбандық, айт күндері сойылмаса, оны тірідей садақа ету керек. Егер уақытын өткізіп сойып қойса, барлық етті мұқтаж жандарға таратып, өзіне алып қалмауы керек. Өйткені уақыты кешіккен құрбандық міндетті садақаға айналады.
Жалпы бұл үрдіс карантин кезінде үлкен сұранысқа ие. Биыл "онлайн құрбандыққа" QURBAN 2024 сайты арқылы тапсырыс бере аласыздар. Бұл мүфтиат бекіткен сенімді сайт. Тапсырыстар мен өтініштер маусым айының 18-і күні, түскі сағат 12:00 ге дейін қабылданады. Сайт тәулік бойы жұмыс жасайды. Дегенмен тапсырыстар мен өтініштер түнде қаралмайды.
Онлайн тапсырыстар негізі облыс орталықтары бойынша қабыладанады. Сол себепті өз өңіріңіз жоқ болса, жақын мекенді таңдасаңыз болады. Төлем тек Kaspi Gold арқылы. Өкінішке орай басқа төлем жолдарын қабылданбайды. Онымен қоса сайтта атқарылған жұмыс есебі (сурет, фото) тапсырыс берушінің сұрауы бойынша "What's App"-қа жолданады.
Құрбандыққа шалынатын малдың мінсіз, сау болуы талап етіледі. Біріншіден бұл Жаратушы иеге деген жоғарғы деңгейдегі қарым-қатынасты көрсетсе, екіншіден кедей жандардың жақсы асқа ауыз тигізуіне мүмкіндік береді. Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара шалынады. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды. Онлайн құрбандық құны қойға 75 мың, ірі қараға 490 мың. Ірі қараның ақшасын 7 адам 70 мың теңгеден бөліп төлей алады. Шалынған құрбандық еті толықтай мұқтаж жандарға таратылады. Аталмыш құн ішіне мал алу, бауыздау, тарату жұмыстары толық кіреді.