Еліміздің болашағына қатысты ең маңызды тақырыптың бірі - ауызсу тапшылығы. Экологтар бұл туралы біршама уақыттан бері айтып келеді, ал былтыр мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мәселені тағы да көтерді. Осыған байланысты "Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы" ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары Болат Қасымов Massaget.kz тілшісіне су тапшылығының бүгінгі жағдайы мен оның болашақта қаншалық ауқымды болуы мүмкін екенін түсіндірді.
Бүгінде Қазақстанның ауызсу жағдайы қандай?
Индустрия және инфрақұрылымдық даму экс-министрі Марат Қарабаевтың мәліметіне сәйкес, 2022 жылы республика бойынша сумен жабдықтау қолжетімділігі: қалаларда - 98,4 пайыз, ауылдарда - 94,5 пайызға жеткен. Президенттің тапсырмасын орындау үшін әзірленген үкіметтік жоспар бойынша, 2025 жылға дейін Қазақстанның барлық елді мекені сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі.
Алайда Болат Қасымов бұл мәліметтің іс жүзінде шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
"Ауызсумен қамтамасыз етудің объективті көрінісі, судың сапасы, сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымы объектілерінің техникалық жағдайы қандай болатынын ешкім нақты болжай алмайды. Бірақ қоғам қайраткерлері мен қарапайым азаматтардың ақпаратына қарасақ, министр мәліметі тым оптимистік көзқараста", - деді ол.
Елдегі су тапшылығының негізгі себептері қандай?
Сарапшы су тапшылығының ауқымды мәселеге айналып отырғанының ең алғашқы себебі ретінде салалық шешімнің дұрыс қабылданбауы, жергілікті жерлерде су бағдарламаларын іске асырудың беделін түсіру, суға қатысты жобаларды іске асыру кезіндегі сыбайлас жемқорлық, елде суды үнемдеуге тиімді бағдарламаның болмауын санайды.
"Ең бастысы, қоғам тарапынан сапалы ауызсу мен кәріз қызметіне сұраныс жоқ. Халық сапалы ауызсу мен кәріз секілді мемлекет тарапынан кепілдік берілетін барлық қызметке қол жеткізуге лайық. Қоғам Қазақстандағы су мәселесін су саласында мемлекеттік шешімдерді қабылдау және іске асыру процесіне тұрақты әрекет ететін және құзыретті қоғамдық бақылаусыз шешу мүмкін емесін түсінуі тиіс. Мысалы, елге салалық мамандарды тарту қажет. Мен мұны өзгермейтін шындық, медициналық факт деп қабылдаймын", - дейді "Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы" ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары.
Сарапшы бұл ойын түсіндіру үшін нақты мысал келтірді.
"Сатып алынған пәтерде өндеу жұмыстарын жүргізу үшін құрылысшылар тобын жалдап, олармен келісесіз. Біріншіден, кез келген тапсырыс беруші құрылысшыларды таңдайтын кезде олардың беделі мен құзыретіне байыпты қарайды. Екіншіден, жұмыстың сапалы орындалуы мен құрылысқа қажетті заттардың ұрланбауы үшін бригаданың әрбір қадамын бақылайды, өйткені мүлік иесі - тапсырыс беруші.
Тура осы секілді бюджеттік жобаларда қала, ауыл, өңір тұрғындары ұрлық пен бұзақылықтың алдын алу үшін барлық процесті қоғамдық бақылауға алуы қажет. Осылай ғана Қазақстандағы су мәселесін сапалы шешуге болады. Айта кету керек, бұған Қазақстан заңнамасы мүмкіндік береді", - деп түсіндірді ол.
Болат Қасымов бүгінде Батыс Қазақстан және оңтүстік облыстар су тапшылығын сезіп отырғанын айтты. Біріншіден, олар жеке шаруалар.
"Елімізде судың көп бөлігін ауыл шаруашылығы тұтынады. Шаруа қожалықтары арасында суды тиімсіз тұтыну технологияларын пайдаланудан болатын су шығыны 50-ден 70 пайызға жетіп отыр", - деді ол.
Сонымен қатар, "Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы" ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары Болат Қасымов елімізде суға қатысты тағы бір мәселе барын мәлімдеді.
"Бізде ауызсуды дайындау кезінде бастапқы хлорлау технологиясы қолданылады, бұл суда кансероген пайда болуына ықпал етеді, ал салдарынан онкологиялық аурулар дамуы мүмкін.
Қазір әлемде қауіпсіз технология қолданылады. Ал еліміздегі мүдделі мемлекеттік органдар өкінішке қарай, суды балама әдіспен тазалау нұсқасын қарастырмайды. Оған қоса, шенеуніктердің мұндай мәселені шешуге тиісті құзыреті жоқ. Сондай-ақ, олар салалық мамандарды тартпайды, өйткені көбінесе технологияны таңдау туралы шешімдер кулуарда қабылданады", - деді маман.
Кейбір экологтар мен қоғам белсенділері Қазақстандағы су тапшылығының қазіргі жағдайына қарап, болашақта "қазақстандықтар рұқсат етілген су мөлшерін ғана пайдаланады", "суды күбіде сатып алады" деп болжам жасап отыр. Мамандар да мұндай салдардың ықтималдылығы жоғары екенін айтады. Сондықтан, Болат Қасымов оның алдын алу үшін не істеу керегін түсіндіріп көрді.
"Елді мекендердегі су тапшылығын шешу үшін Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы сумен жабдықтау және су бұру мәселелері жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Онда белсенді азаматтар мен қоғам белсенділеріне сапалы сумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету мәселесін шешу жолында жәрдем көрсетуге дайын салалық мамандар жиналды", - деді ол.
"Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы" ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары ауызсу тапшылығы мәселесін шешу үшін іске қосылған мемлекеттік бағдарламалар тұрақты жұмыс істемесе және олар қоғам бақылауында болмаса, көмектеспейтініне сенімді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Наурыз көжеге не қосады?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!