Осыдан екі жыл бұрын еліміздің бұрынғы бас полицейі елді мекен ішіндегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «сұлап жатқан полицейлер» орнатуды қолға алған еді. «Жасанды теңсіздік» деп те аталатын қондырғы жылдамдығын асырып айдайтын жүргізушілерді еріксіз «жүгендеп», ең құрығанда, мектеп пен балабақша маңынан ақырын өтуге мәжбүрлейтін болды. Бірақ әуелде қолданыстан шыққан көлік дөңгелектерінен жасалуы тиіс болған «полицей» кейін жай асфальт төмпешіктерге айналып кетті.
Полицейлер «алатаяғын» сермелеп, күнұзақ жолға қақиып тұруды әдетке айналдырса да, көшеге «жер бауырлап жатып алса» да, қала ішінде жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. Жүгенсіз жүргізушілер полицейдің қай әдісіне де пысқырар емес. «Сұлап жатқан полицейлерге» де еті үйрене бастады. Тіпті кейде осы қондырғылардың өзін жетілдіру керек сияқты көрінеді. Бұл – алматылық өнертапқыш Дәулет Қартұлының пікірі. Оның айтуынша, қазіргі «жер бауырлаған полицейлердің» кемшілігі көп:
1) алыстан көзге көрінбейді;
2) көшенің белгі-жолақтарымен сәйкес келмей, қораштанып жатады;
3) қауіпті;
4) ыңғайсыз, көліктердің көбі астын соғып алып жатады.
Осы себепті Д.Қартұлы жасанды теңсіздіктің жаңа, бұрынғыдан көлемді жобасын жасап шыққан. Ол дөңес жолақтың үстіне тағы да томпақ шағын жолақшаларды оң жаққа қарай қиғаштап орналастыру арқылы жасалады. Дөңес үстіндегі қиғаш бедерлердің арасы көлік доңғалақтарының аралығы сәйкес келетіндей болуы қажет. Өнертапқыштың өлшемінше, шағын жолақтардың ені – 30-40 см, ал негізгі теңсіздіктің ұзындығы 0,5-2 метрболғаны дұрыс. Көліктердің теңсіздікті қиялай кесіп өтуіне мүмкіндік беретін шағын дөңес жолақтар ақпен боялады. Енді мұның артықшылығына тоқталайық:
1) ақ түсті шағын жолақтар арқылы «полицей» алыстан «менмұндалап» тұрады;
2) көшенің жол белгілерімен үндес;
3) мейлінше қауіпсіз;
4) көліктердің асты соғылмай, селкілдемей өтеді;
5) қатар және қарама-қарсы келе жатқан көліктер қиғаш жолақтар арқылы бір-біріне кедергі келтірмей еркін өтеді.
Д.Қартұлы бұған дейін дәнекерлеуші электродтың қабығын көмір, әк, кварц құмы мен басқа да өндіріс қалдықтарынан жасап шығарып, сол өнертабысына патент алған. Сондай-ақ, сауда орындары маңында көлік нөпірін азайтуды көздейтін және ауаны көліктердің ластауынан қорғайтын жобаларын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған. Енді «сұлап жатқан полицейдің» жаңа үлгісін жол полициясына ұсынғалы отыр.
Жолдаған: Серікбол Шәймардан