Н.Сац атындағы жастар мен балалар театрының жағдайы тіпті қиын. 1980 жылы салынған ғимараттың қабырғалары бүлініп жатыр. Зілзала кезінде адамдар қорғанатын, қауіпсіз саналатын қабырғаларға сызат түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жарық 23 қаңтарда, яғни бірінші дүмпу кезінде пайда болды. Сол кезде ұжым әкімдіктен қандай да бір амал жасауды сұраған.
"Театрымызға күрделі жөндеу жұмысы мүлдем жасалмады. Бүлінген жерлерін өз қаражатымызға жөндеп, жамап-жасқап қоямыз. Қала әкімдігі бір тиын бөлген емес. Бұл мәселені әкімдікке бірнеше рет хабарлап, жағдайды түсіндіріп ресми хат жолдадық. Ғимарат әкімдіктің меншігі саналады. Оның күтіміне, қабырғаларының берік болуына да солар жауапты емес пе?" - дейді театр қызметкері Раиса Иосиф.
Өнер ордасында 230-ға жуық адам еңбек етеді. Театр - кішкентай көрермендердің сүйікті орны. Мұнда қызықты спектакільдер, концерт пен байқаулар ұйымдастырылады. Репертуарын алматылық бірнеше буын көріп өсті, есейді.
"Ертеңі не болары белгісіз. Енді тағы бір дүмпу болса ғимараттың қирап қалмауына кім кепіл? Театр қызметкерлерінде үрей басым. Бұл жағдайды әкімдік дереу қолға алмаса болмайды. Өткен жылы театрға күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жөнінде жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу қолға алынды деп естідік. Қосалқы ғимарат салу қарастырылған. Бірақ ол қашан басталатынын білмеймін", - дейді театр басшысының орынбасары А. Күзембаева.
Жертөледегі жағдай тіпті нашар. Ескі құбырдан су тамшылайды. Сахнаны электр қуатымен қамтамасыз ететін құрылғы орналасқан бөлменің қабырғасы бүлініп, сылағы үгітілді. Инженерлік жүйесі, жылу, кәріз, су құбырлары, электр сымдары әбден тозды. Театрға күрделі сараптамалық зерттеу жұмысын жүргізу керек.
Қалалық урбанистика басқармасының дерегінше, зілзаладан шахардағы 200-ге жуық ғимарат зақымданған. Олардың барлығын сейсмоаудиттен өткізіп, қорытынды шығаруға кемінде 1 ай уақыт керек екен.
Саламат Сабыр
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!