Желіде киіз үйде ұлттық киім киіп билеген қыздардың видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видео қазақстандық блогер, биші Әлішер Сұлтанбекұлының Instagram-парақшасында жарияланды. Жазба бірден Желі қолданушыларының назарын аударды.
Желі қолданушылары киіз үйде мұндай би билеу қазақ мәдениетін қорлайтынын жазған. Олар видео қатысушыларына жаза қолдануды талап етіп, түрлі пікір қалдырып жатыр.
"Өнер дейсің бе? Атаңның басы!", "Мына видео арқылы киіз үйде тұрған, қиын уақытта аштыққа ұшыраған әжелеріміз қорланған секілді. Сіз өте жақсы билейсіз, бірақ бұл тым артық. Тым ұсқынсыз, жағымсыз, киіз үй, камзолдар, сіз артық кеттіңіз", "Ұлттық киімге осындай қарым-қатынас жасағаны үшін айыппұл салынуы қажет!", "Маған сенің билегенің ұнайды, бірақ ұлттық киіммен емес, киіз үйде басқа дәстүрлі би болуы керек еді", "Менің ойымша, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы қажет", "Малдар", "Не істейміз? Басқа біреулер бауыздап кетпей тұрғанда жауапкершілікке тартамыз ба? Намысы қаттылар бір нәрсе бүлдіріп, кейін осы үшін түрмеге қамалады. Сол үшін осындай әрекетке жол бермей алдын ала өздеріңіз қарастыруларыңызды сұраймын", "Не істесеңіздерде өз еріктеріңіз! Бірақ, киіз үй мен ұлттық киімді қорламаңыздар!", - деп жазған олар.
Сонымен қатар, қоғам белсенділері де жеке парақшаларына жазба жариялап, видеоны "азғындыққа" теңеген.
"Сұмдықтың шегі ғой. Азғындық дейміз бе? Басыну дейміз бе!? Қорлау ма әлде?!
Құндылық, рухани байлық деп жүрген дүниеңе .ыша салған.
Заң бойынша жауапқа тарту мүмкін болса шара қолдану керек! Әдейі істейтіндей көрінеді осылар", - дейді Жарас Ниязбек.
"Абылай туған, Абай туған, Тана мырза туған кигіз үйде бей киімсіз үш "қыз" билеп жүр екен. Көрмекке көз, айтпаққа сөз ұялып тұр.
Жалпы, бізде ұлттық идеологияға кім жауап беруші еді?", - деп жазған журналист Оңғар Қабден.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!