- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Өнеге емес, келеке"....
"Өнеге емес, келеке". Ересек адамның тұсауын кесу дұрыс па?
Кейінгі кездері Желіде ересек адамның тұсауын кескен сәттің видеолары тарап жүр. Қазақ ересек адамның тұсауын кескен бе? Бұл дұрыс па? Tengrinews.kz тілшісі этнограф Ғалия Қайдауылқызымен сөйлесіп, осы сұрақтардың жауабын алған болатын.
Бұған дейін әлеуметтік желіде ер адамның тұсауын кесіп жатқан сәттің видеосы тараған болатын. Ал кеше, 31 шілдеде 40 жасында тұсауын кестірген әйелдің видеосы тарады.
"Мен өмірімде көп нәрсе көрдім. Бірақ 40 жаста тұсау кесу - миыма симай жатыр", - дейді автор.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Тұсау кесу" қандай салт?
Тұсау кеcу - кішкентай сәби қаз-қаз тұра бастаған кезде "тезірек шауып кетсін" деген ізгі тілекпен жасалатын дәстүрдің бірі. Тұсауды ала жіппен кесетін болған. Оның мәні - "ешкімнің ала жібін аттамасын" деген ой. Тұсауды кез келген адамға кестірмеген, үлгі болатындай тұлғаға не ширақ жүретін адамға кестірген. Кейде "көк шөппен" де кесетін болған. Оның да өзіндік астары болған. Көк шөптен есіп жасаса, "көбейсін, көгере берсін" деген ой болған. Тұсау кесетін жіпті малдың тоқ ішегінен де өретін болған. Астарында "бай болсын" деген тілек болған. Тұсау кескен адамға арнайы кәде берілген. Кейін шашу шашылған.
Ересек адамның тұсауын кескен бе?
Этнограф Ғалия Қайдауылқызының айтуынша, қазақта мұндай салт болмаған.
"Сәбидің тұсауын алғаш кескеннен кейін сүрініп-шалынып, жығыла берсе, үш рет қана кеседі", - деді ол.
Ол қай жасқа дейін баланың тұсауын кесуге болады деген сұраққа былай жауап берді.
"Әрі кетсе үш жасына дейін баланың тұсауын кесуге болады. Салт-дәстүрді сақтай алмағандар сайқымазаққа айналдырып, күлдіремін деп бүлдіріп жүр. Бұл өнеге емес, келеке", - деді этнограф.
Этнографтың айтуынша, әзіл мен әдептің аражігін ажырата білу қажет.
"Қайшымен кеспеген". Тұсаукесер рәсімі дұрыс орындалып жүр ме?
С. Сатыбалдина