- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шошқа тұмауы
Ондаған ақтөбеліктен шошқа тұмауы анықталды
63 ақтөбеліктен шошқа тұмауы анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой ГОРОД" басылымына сілтеме жасап.
Қазан айынан бастап Ақтөбе облысында ЖРВИ мен тұмау белгілері бойынша 101 мыңнан астам адам дәрігерге жүгінген. Санэпидемиологтардың мәліметінше, күзде тұрғындардың тек 14 пайызы тұмауға қарсы екпе салдырған. Науқастардың басым бөлігі - 14 жасқа дейінгі балалар, сонымен қатар жүкті әйелдер арасында да 291 вирус инфекциясы тіркелген.
Санэпидбақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, ПЦР әдісімен 2131 науқас тексерілген, оның 63-інде А типті тұмау (H1N1 штамы), яғни шошқа тұмауы анықталған.
ЖРВИ мен тұмау асқынуларымен қауіпті, әсіресе олар пневмонияны тудыруы мүмкін. Осындай диагнозбен 274 адам ауруханаға жатқызылған, олардың ішінде бір жүкті әйел, 208 бала (14 жасқа дейінгі) және 43 нәресте бар. Ауру деңгейі 2,8 есеге артқан.
Мектептер мен балабақшаларда енді "фильтрлер" орнатылған, балалардың кіреберісте дене қызуы тексеріледі.
"А және В типті тұмаулар ең ауыр және жиі кездеседі. А типі инфекциялық-токсикалық шок тудырып, адамның өміріне қауіп төндіруі, сондай-ақ жүрек-қан тамыр жүйесін және тыныс алу органдарын зақымдауы мүмкін. Сондықтан екпе алу маңызды болды. Вакцина жүкті әйелдерге де жасалады. Бірақ бізде қазан айынан бері стационарда 109 жүкті әйел емделді, олардың тек екеуі ғана екпе алған. Вакцина алғандар тұмауды жеңіл өткереді. Стационарға түскен 45 науқастан шошқа тұмауы анықталды", - дейді Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Майра Нұрғалиева.
Ақтөбеліктерге адамдар көп жиналатын орындарға баруды, бұқаралық шараларға қатысуды шектеуге және маска тағуға кеңес берілді.
Шошқа тұмауының белгілері қандай?
Мамандар шошқа тұмауының белгілерін нақты анықтаған жоқ. Бірақ олар оның белгілері маусымдық тұмауға ұқсайтынын айтады. Олардың негізгілеріне мыналар жатады:
- маңдай тұстың ауыруы;
- бұлшықеттер мен буындардың қатты ауырсынуы;
- қалтырау;
- жалпы әлсіздік;
- жүрек айну және іш өту;
- жарықтан қорқу және көзін қозғағанда ауырсыну сезу.
Шошқа тұмауымен ауырған адамның алғашқы сағаттарда дене температурасы 38-40 градусқа көтеріледі. Кей науқастардың тамағы қызарып кетеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина