- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Оңайға" бір реттік...
"Оңайға" бір реттік төлем жүйесі енгізіледі
"Оңай" электрондық билеттеу жүйесінде бір реттік төлем енгізіледі. Бұл туралы Бауыржан Байбек есеп беру кездесуінде айтты.
Ол жақында миллионыншы "Оңай" картасы сатылғанын айтты. "Карта бес балалы анаға бұйырды. Дегенмен бірнеше кемшілік те бар. Біз оны үнемі бақылап отырмыз", − деді ол. Қала басшысының айтуынша, негізгі кемшіліктердің қатарында карта сатылатын пункттердің аз болуы және бір реттік төлемнің болмауы бар.
"Ақпаннан бастап балансты SMS-хабарлама көмегімен толтыру мүмкіндігі пайда болды. Жақын арада барлық қоғамдық көлікті картаға ақша салуға арналған терминалдармен жабдықтау жоспарланып отыр. Сәуірдің соңына дейін бір реттік электрондық төлем жүйесін енгізу керек", − деді әкім. Байбек ертеңнен бастап жол жүру билетінің сатыла бастайтынын да айтты. "Біз есептедік, бір айда 15 000 теңгеге дейін жүретіндер бар, оларға жол жүру билеті 7200 теңгеден сатылады", − деді ол.
Сонымен қатар әкім 2016 жылы жаңадан 150 аялдама тұрғызу жоспарланғанын мәлімдеді. Ол Абай көшесіндегі қоғамдық көліктерге арналған жолақтың арқасында автобуспен жүретіндер санының 10 пайызға өскенін де жеткізді. Жыл соңына дейін ұзындығы 100 шақырым болатын тағы жеті арнайы жолақ енгізіледі екен. "Жолақтар Райымбек, Сейфуллин даңғылдарында, Төле би, Тимирязев, Желтоқсан, Наурызбай батыр, Гоголь көшелерінде пайда болады. Бұл көшелер кең. Дегенмен жол жиегіне көліктерді қойып тастайтындар бар, сосын жүру ыңғайсыз болады. Осы көліктерді алып тастап, орнына арнайы жолақ ашу керек", − деді әкім.
Дереккөз: Tengrinews.kz
С. Ерсін