"Оңай" картасын сатып алу неге оңай болмай тұр?

"Оңай" картасын сатып алу неге оңай болмай тұр?
Фото: Ratel.kz

Алматы қаласының дүңгіршіктерінде "Оңай" картасы жоқ, деп хабарлайды Массагет порталының тілшісі. Осыған байланысты жолаушылар мен автобус жүргізушілері арасында келіспеушілік туындап отыр. Жүргізушілер жаңа жүйеге сәйкес "Оңай" картасы жоқ жолаушылардан 150 теңге талап етсе, жолаушылар өз кезегінде картаның таусылып кеткенін алға тартып, сұралған жолақыны төлеуден бас тартып жатыр.

"Оңай" картасына байланысты дау неден шығып отыр? Біріншіден, халық толық ақпараттанып үлгермеген. Мұны "Авто Алма-Транс" ЖШС-ның маманы Кәмшат Мәлібекова "қала сыртынан келетін жолаушылармен" байланыстырған. Оның айтуынша, қаланың жергілікті тұрғындары емес, қала сыртынан келетін жолаушылар жаңа жүйе жайлы толық білмейді.

Екіншіден, жаңа жүйеге өтуге жүргізушілер мен кондукторлар да дайын емес. Өйткені жүргізушілерге жолақыны қолма-қол алған ыңғайлы. 

Үшіншіден, "Оңайды" сатып алудың өзі әуре-сарсаң. Ең әуелі ұялы телефоныңызға CityBus бағдарламасын жүктеп алу керек. Бағдарлама түгілі, смартфоны жоқ жолаушылардың құқығы ескерілмеген.

Төртіншіден, тұрғындар арасында автобус жүргізушілері мен кондукторлардың беделі төмен. 150 теңге төлеуін талап еткен кондукторды ашулы жолаушы бетінен ұрып жіберген жайт та тіркеліп отыр. Мұндай мысалдар күнделікті өмірде көп кездеседі. 

Бесіншіден, қоғамдық көлікке байланысты заң жиі өзгеріске ұшырайды. Халық бір заңға енді бейімделіп келе жатқанда жаңа жүйе енгізіліп, елдің басын айналдыру дағдыға айналды. 

"Оңай" картасының дүңгіршектерде бітіп қалу мәселесіне байланысты Массагет тілшісі Алматы қаласының көлік холдингіне хабарласқан еді. Нұркен есімді "Оңай" орталығының операторы аталған мәселеден хабардар екенін, жолаушылар тарапынан арыз-шағымның көптеп түсіп жатқанын айтты.

"Караван" дүңгіршектерінде карта таусылып қалды. Метрополитен, автовокзал, "Rixos" қонақүйі және "Оңай" орталығынан "Оңай" қартасын сатып алуға болады. Бағасы – 400 теңге. Одан бөлек заң бойынша тексерушілердің өздері жолаушыларға "Оңай" картасын сата алады. Біз түскен шағымға байланысты картаның қай жердегі дүңгіршекте біткенін анықтап, осыған байланысты жұмыс істеп жатырмыз",– деді маман. 

Естеріңізге салсақ, әкімдік 1 тамыздан бастап Алматыда жол ақысы қымбаттайтыны туралы қаулы шығарған болатын. Жүйе қазынаға салықтың көптеп түсуі мен жолақының жеке қалтаға кетпеуі үшін енгізіліп отыр. 

Р. Роза