- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Оңай“ бақылаушылары жолаушыға...
“Оңай“ бақылаушылары жолаушыға дөрекілік танытып, автобустан түсіруге құқылы ма?
Алматыда жолаушылардың жол жүру ақысын төлеп-төлемегенін тексеретін бақылаушылардың кейбірі тұрғындарға дөрекілік танытатыны ешкімге де құпия емес. Алайда автобусқа кіргеннен бастап, жан дауысына салып айғайлайтын "Оңай" қызметкерлерінің бұл іс-әрекеті дұрыс емес екенін білесіз бе?
Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі бақылаушылардың құқығы мен міндеті, жауапкершілігі мен ережелері туралы білу үшін "Оңай" компаниясына сауал жолдады.
Дегенмен мердігер жауаптарын қысқа қайырды.
Бақылаушылардың міндеті мен жауапкершілігі қандай?
Жол жүру ақысын тексеруге бақылаушы болып жұмысқа кіру үшін қойылатын талап айтарлықтай көп емес. Компания баспасөз қызметінің мәліметінше, бақылаушыны жұмысқа қабылдайтын кезде оның 11-сынып бітіргені туралы куәлігі немесе арнайы орта білімінің дипломы сұралады. Яғни белгілі бір мамандық иесі болуы талап етілмейді. Бос жұмыс орнына үміткер ешқандай жерде есепте тұрмауы керек. Жұмыс талаптарын дұрыс сақтай алуы қажет, сондай-ақ жұмысқа қабілеттілігі тексеріледі.
Бақылаушылардың жұмыс режимі 2/2 ауысым болғандықтан, ақы әр сағатқа төленеді.
"Бақылаушы өзіне берілген уақытта қоғамдық көлікті жете тексеру, қандай жағдай болмасын өз бағытын тастамауға міндетті. Бақылаушының мінез-құлқы бірқалыпты болуы қажет. Бақылаушылар жұмысқа шығатын кезде басшылық құрам бақылаушының мінез-құлқына мән беріп, тексергеннен кейін ғана жұмысқа жібереді. Егер басқа мәселе туындап жатса, бақылаушыны жеке алып қалып, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі", - делінген жауапта.
Әр бақылаушы берілген бағыты бойынша өз міндетін атқарады. Талдап-тексеру бойынша тексеру жұмыстары жүргізіледі. Өз бағытында жүрген бақылаушы 1 қоғамдық көлікті қатарынан бірнеше рет тексере алмайды.
Бақылаушыларға не істеуге болады, неге тыйым салынған?
Кейде жолаушы жол жүру ақысын төлемегені үшін бақылаушы оған дөрекілік танытып, айғайлап, автобустан мәжбүрлеп түсіріп жатады. Әрине, егер бақылаушы тек өзінің жұмысын істесе, оған мұндай құзыр берілген болса, ешбір тұрғын наразылық танытпайды. Бірақ шектен тыс өрескел сөздер айту кез келгеннің шамына тиетіні анық. Бұған қоса, бақылаушылар автобус жүргізушісімен де сөзге келетінін байқаймыз. Салдарынан қоғамда "оларға мұндай құзыр мен сенімділікті кім берген?" деген сұрақ туындайды.
Компания жауабына сүйенсек, бақылаушы жол жүру ақысын төлемеген жолаушыға шара қабылдай алады.
"Бақылаушылар өзінің бағытына барып, өзіне берілген қоғамдық көліктерді тексеруге және ондағы жол ақысын төлемеген жолаушылармен жұмыс атқаруына болады.
Бақылаушылар бағытта жүргенде өз еркімен басқа да жұмысқа араласуға және өзіне берілген бағытты тастап кетуге, электронды терминал мен электронды АСУОП картасын басқа біреуге беруге, формасын шешуге тыйым салынады. Жүргізушілермен сөйлесуге тыйым салынады", - делінген жауапта.
Сонымен қатар бақылаушы жол жүру ақысын төлемеген жолаушыны қоғамдық көліктен түсіруге құқылы. Егер жолаушының жасы кәмелетке толған болса, автобустан түсіріледі және 102 қызметі шақырылып, айыппұл салынады.
Осы тұста, "Оңай" компаниясы бақылаушы жолаушының құқықбұзушылығын анықтаған кездегі дұрыс іс-әрекеті қандай болуы керегін ұсынды.
"Бақылаушы жолаушы жол ақысын төлемегенін анықтаған жағдайда, ең бірінші жолаушыға басқа төлем түрлерін ұсынады, егер ол төлем жасаудан бас тартқан жағдайда 102 қызметіне жүгіне алады. 102 қызметкерлері келіп, 2 АЕК бойынша айыппұл салынады", - делінген жауапта.
Бақылаушылардың жұмысы тексеріле ме?
"Күнделікті тексеріліп отырады. Әрбір автопарк бақылаушыларды өз бетінше жұмысқа алады, сәйкесінше, олардың жұмыстарын да әр автопарк өзі қадағалайды", - делінген жауапта.
Жолаушыға дөрекілік танытқан бақылаушыға қандай да бір шара қолданыла ма?
"Міндетті түрде, бақылаушымен бас мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізеді", - делінген жауапта.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә