“Оңай әрі түсінікті болады“. Жұлдыз Сүлейменова бастауыш сыныптағы жүйе жаңаратынын айтты

“Оңай әрі түсінікті болады“. Жұлдыз Сүлейменова бастауыш сыныптағы жүйе жаңаратынын айтты
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанда бастауыш сыныптардағы оқыту жүйесі жаңарады, енді жүктеме азайып, базалық білімге басымдық беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптарда оқу процесін толық қайта құруды ұйғарған. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова балаларға оңай әрі түсінікті болатын мектеп бағдарламаларын жаңарту жобасы туралы айтты.

Үкіметтің баспасөз қызметі

Оның сөзінше, негізгі мақсат - оқу жүктемесін оңтайландыру, оқу материалының сабақтастығын қамтамасыз ету және оқушылардың оқу, жазу, математикалық, функционалдық сауатының берік негізін қалыптастыру.

Қандай өзгерістер болады?

1-4-сыныптарға арналған "Математика" пәні бойынша 244 оқу мақсаты толық қайта қаралған. Осылайша күрделі тақырыптардың үштен бірі жеңілдетілді, ал балалардың жасына сәйкес келмейтін сабақтардың шамамен 14 пайызы алып тасталды немесе орта мектепке ауыстырылды.

Сонымен қатар, бірінші сынып оқушыларына жылдың басында арнайы бейімделу кезеңі енгізіледі.

"Әліппеге" дейінгі кезең 12 сағатқа дейін ұзартылды, "Әліппені" оқытуға 84 сағат бөлінді, ал "Ана тілі" пәні екінші жартыжылдықта оқытылады.

"Жаңартылған оқу бағдарламаларын жүзеге асыру нәтижесінде математика және тілдік пәндер бойынша білім сапасын 2027 жылы 15 пайызға, ал 2028 жылдың қорытындысы бойынша 35 пайызға арттыру көзделген", - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget