- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Он голмен ойсырай...
Он голмен ойсырай жеңілген “Барыстың“ бас бапкері сұхбат берді
Астанада өткен кездесуде "Торпедодан" 10:1 есебімен жеңілген "Барыс" хоккей клубының бас бапкері Вячеслав Буцаев сұхбат берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бапкермен сұхбаттасқан bestnews.kz сайтының журналисі бапкерден ойын барысында қандай қателік кеткенін сұрады.
"Торпедошылар соққан бірінші голға дейін "Барыс" тамаша ойын көрсетті. Содан кейін ойын бұзылды. Алғашқы кезеңнен кейінгі 1:2 есебі әлі де болса үміт барын көрсетті. Үшінші жіберіп алған голдан кейін біз жеңіліске ұшырадық. Біз жай ғана берілдік, мүлдем қате әрекеттер істедік, бәрін керісінше жасадық. Бірақ ең жаманы не екенін білесіз бе? Киінетін бөлмеде көшбасшы болмады. Мен жаттықтырушы, бапкер туралы емес, ойыншылар туралы айтып тұрмын. Әдетте топтың ыдырап кетпеуі үшін оны біріктіретін көшбасшы болады. Өкінішке қарай, бізде көшбасшы болмады", – деді бас бапкер.
Журналист бапкерден әрі қарай қандай өзгеріс болатынын сұрады. Бапкер өз кезегінде ойыншылар ауысуы мүмкін екенін айтты. Алайда нақты қай спортшы хоккей клубымен қоштасатынын ашып айтпады.
"Бапкерлік мансабымда мұндай есеппен бірінші рет жеңіліп тұрмыз. Жаным ауырды десем, жұмсақ айтқаным болар. Командада өзгеріс болады, бірақ есімдерін атамаймын. Бірақ міндетті түрде өзгеріс болады. Бұл командаға кірер алдында біз бұл командаға не керек екенін айтып, талқыладық. Мен "Барыста" бапкер болғаныма өкінбеймін", – деді Вячеслав Буцаев сұхбат соңында.
Еске салайық, "Барыс" хоккей клубы Астанада өткен кездесуде өз айдынында он гол өткізіп алып, ойсырай жеңілген болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева