Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, хитмен Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова тұңғышын босанған сәтте қандай қиындық болғанын айтты. Бұл туралы продюсер Мамский әңгімеге берген сұхбатында әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Продюсердің айтуынша, бір палатада алты әйел қатар босанған.
"20 жасымда Қайратты дүниеге әкелдім. Жас болып, ештеңені білмедік. Босану процесі өте жеңіл өтті. Алты әйел қатар босандық. Ішіндегі ең жасы мен болдым. Жас күніңде денсаулығың да жақсы болып тұратындықтан, бірінші босандым әрі өте тез болды. Толғақ қысқанда өліп кететін шығармын, ешкіммен қоштасып үлгермедім" деп ойладым. Босанып болдым да, төсегімнен тұрып жанымдағы әйелдерге көмектестім. Белін уқалап, массаж жасадым. Ол кезде жатыр орнына тез түсу үшін мұз қояды. 15 минуттай мұз басып жаттым. Жанымдағы келіншектің бәрі босанып болғаннан кейін, үйдегілерге хабарлауға шықтым. Ұзын дәлізде медбикенің үстелінде тұрған телефонмен бүкіл ағайын тумадан сүйінші сұрап шықтым. Қуанғанымнан қайынағаларыма да хабарласып, "Аға, мен босандым, ұл тудым" деппін. Кейін енем мен шешім беттерін шымшып ұялып жүр. "Қайынағасына босанғанын айтұан келіншекті бірінші рет көруіміз" деп. Менде ұялу сезімі болмағандықтан, қуанғанымнан хабарласа бергенмін", -дейді ол.
© әлеуметтік желі
Сондай-ақ, сәбидің әкесі Нұртас Айдарбеков баласын үш айдан кейін бірақ көрген.
"Ол кезде әкесі Нұртас әке-шешесінен ұялып, үш айға дейін келмеді. Жұмыс бабымен басқа өңірге кетті. Хат жазады, сенімен ұлымды көргім келеді деп. Оңтүстік өңірде бірінші бала әжесінің баласы немесе қайынағасының баласы болуы керек деген жазылмаған заң бар. Содан аттап кете алмай, әжесінің бауырына бердік. Ауылда тұрғандықтан келіндік міндетіңді атқару керексің. Бір рудан болғандықтан басыңа орамал тағып, сәлем саласың. Бүкіл үй тірлігі мен бала-шағаның тамағына жауаптысың. Мен босанып келген кезде үйдегі абысыным қайынағамызбен ұрысып, төркініне кетіп қалды. Бес баласын қалдырып кетті. Енем қалаға қыдырып кеткен. Бес баланың тамағын жасаймын, кірін жуамын, шомылдармын, үйді жинаймын. Сол кезде шаршауды білмейсің", – деді продюсер.
© видеоскрин/Мамский әңгіме
Гүлзира Айдарбекованың айтуынша, сол жылдары денсаулығы да сыр берген.
"Өзім жаңа босанған, қалжаланып отыратын келіншек болуым керек. Бірақ олай отыра алмадым. Екі шелектеп су тасимын. Қайратты ақпан айында босандым. Қақаған аяз, суық болатын. Бір күні емізейін десем, сүттің орнына қан ағып жатыр. Кеудем ісіп, тас болып қалған. Неден пайда болғанын білмеймін. Бізге ешкім босанғаннан кейін күтіну керегін, ауыр көтеруге болмайтынын айтқан емес. Сол уақытта анам келіп, қалаға апарып қаратайық, қызымызды бізге беріңіз” деп енемнен сұрап келді. Кейін біз қалада тұрамыз деп шештік. Енем мен анам алма-кезек қарасып, баламды бағып берді", - дейді Гүлзира Айдарбекова.
Айта кетейік, продюсер Гүлзира Айдарбекова кенже ұлы Заңғар Нұртасты екінші рет үйлендіріп, дүркіретіп той жасады. Өнерлі отбасының мерейлі тойы қалай өтті? Сілтемеге кіріп оқи аласыз.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз