Мәжіліс депутаты Руслан Берденов "Abay Live" бағдарламасында лудоманияға қатысты пікірін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Еліміздегі лудоманияны жоқ қылуға болады. Бұл мүмкін нәрсе. Алысқа бармай-ақ көрші елдерді қарасақ та, олар да бұл жоқ. Яғни, бұл мүмкін нәрсе. Алайда өкінішке қарай, біздің өкіметтегі кейбір адамдардың позициясы басқа. Бұл көлеңкелі экономикаға кетіп қалады, одан да бізге салық төлесін деген позициялар бар. Менің қолымда болса, барлығын жабар едім. Бірақ ол менің қолымда емес. Десе де, біз қолымыздан келгенін жасап жатырмыз. Біз жақсы заң шығардық. Ол сенатқа кетті. Енді ол заңның Президент тарапынан қол қойылып, күшіне енгенін күтіп отырмыз", - деді депутат.
Депутат казиноны өмірінде бір-ақ рет ойнап көргенін айтты.
"2013-2014 жылдары біздің серіктестеріміз - дәрі шығаратын компания Германияда казиноның ішінде үлкен жиналыс жасады. Бір үлкен казиноны алған, ішінде мейрамханасы бар. Сол кезде әрқайсысымызға 100 еуролық фишка берді. Сол кезде оны алып, тіккенім бар. Бір қызығы, сол кезде мен ұтып алдым. Қанша фишка ұтқаным есімде жоқ. Оларды сол жақтағы балаларға беріп, мен ары қарай ойнамадым. Соны санамасақ, өз еркіммен барып, бірде- бір рет ойнамағанмын. Казиноға да бармағанмын, букмекерге де ставка қойған жоқпын.
Ең бірінші ата-ананың тәрбиесі, содан кейін орта әсер етеді деп ойлаймын. Біздің ортамыз да сондай. Әлі күнге дейін араласамыз, арамызда ондай ойнайтын бірде-бір адам жоқ. Біз ортамызға бұрыннан талап қойдық. Мысалы, оқуымыз керек, спортпен айналысуымыз керек және т.б. Сол талаппен әлі күнге дейін келе жатырмыз", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз