Жеке куәлікті жарамдылық мерзімі әлі бітпесе де ауыстыратын жағдайлар болып жатады. Мысалы, адам атын немесе тегін өзгертуі мүмкін. Әдетте әйел адамдар тұрмысқа шыққан кезде күйеуінің тегін алады. Бұл мәселеге қатысты заң және исламда не айтылған? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Заңнама не дейді?
"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекске сәйкес, жеке куәлік неке қию туралы куәлікті алған сәттен бастап 30 күн ішінде ауыстырылуы қажет. Егер сіз көрсетілген мерзімнен кешігіп өтініш білдірсеңіз әкімшілік жауапкершілікке тартыласыз. Яғни 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 2023 жылы ол 24 150 теңге.
Кодексте неке қию кезiнде ерлi-зайыптылар өз тiлектерi бойынша ортақ тегі ретiнде өздерiнiң бiреуiнiң тегiн таңдайды не ерлi-зайыптылардың әрқайсысы өзiнiң некеге дейiнгi тегiн сақтап қалады, не біреуі өз тегiне екiншi жұбайдың тегiн қосып алатыны айтылған. Егер ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң болса да некеге тұрғанға дейiнгi тегi қосарлас болса, олардың тектерін қосуға жол берiлмейдi. Ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен жағдайда олар жаңа тегін сақтауға немесе үйленгенге дейінгі тегін қайтадан алуға құқылы.
Исламда әйел адамға күйеуінің тегіне өтуге қатысты не айтылған?
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының мәліметінше, негізінде әр адам өз тегімен аталуы керек. Тіпті шариғатымыз асырап алған баланың тегін өзгертуге рұқсат бермейді.
Десе де, тұрмысқа шыққан кей әйелдер күйеуінің тегіне ауысып жатады. Яғни құжатқа өзінің тегін өзгертіп, күйеуінің фамилиясын жаздыртады. Әрине, бұл "пәленше әйел түгенше отбасыға келін болып барды" деп айтқанымыз сияқты әйелді таныту мақсатында жасалады. Осы секілді бір кісіні түрлі жолмен танытуға болады. Мысалы, Нухтың әйелі мен Луттың әйелі, Перғауынның әйелі, Ибн Аббастың азат еткен құлы Икрима, Әлия (анасы) ұлы Исмаил.
Қазіргі таңдағы өз ерінің тегімен жазылу үлгісі де таныту мақсатында жасалатындықтан, шариғатқа қайшы емес. Ал шариғат өз әкесінен бас тартып, "пәленшенің қызы не ұлы" деуге тыйым салады.
Әйел адам тегін ауыстырғаннан кейін барлық құжатын ауыстыруы керек
Заңгер Думан Көпбаев қандай себеппен текті ауыстыруға болатынын түсіндірді.
"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекстің 257-бабына сәйкес, біріншіден, аты, әкесінің аты немесе тегі оғаш естілсе ауыстыруға болады. Екіншіден, аты, әкесінің аты немесе тегінің айтылуы қиын болса. Үшіншіден, ерлі-зайыптыларды өз қалауы бойынша. Сонымен қатар, ажырасқан жағдайда және тағы басқа.
Әйел адам тегін ауыстырғаннан кейін бүкіл құжатты қайтадан ауыстыруы керек болады. Банк картасы жалпы айтқанда ескі тегі бар барлық құжаттарды ауыстыру керек", - дейді заңгер.
Тегін ауыстырған және өз тегінде қалған
Алматылық байер Камила Долаева жақында тұрмысқа шығады. Алайда ол өзінің тегін ауыстырмайтынын айтады.
"Күйеуімнің тегіне өту туралы мәселені бірге ақылдастық, бірақ сөйлесе келе өз тегімде қалуды шештім. Біріншіден өз анам да өз тегімен қалған, менде де о бастан күйеуімнің тегіне көшу ойда болмады. Жігітім де қарсы емес. Таңдауды өзіме берді.
Екіншіден, қазақта "ата-баба әруағы қолдасын" деген сөз бар. Адамның аты, тегі оның өміріне тікелей әсер етеді. Әркімнің өмірден өткен аталары Алланың рұқсатымен ұрпағының жақсылығына себепкер бола алады, шапағатшы болады, біз үшін дұға ете алады. Сол үшін де өз тегімде қалғым келеді", - дейді Камила Долаева.
Алматылық PR-маман Мөлдір Иманбаева тұрмысқа шыққанға дейін күйеуінің тегін алу-алмау туралы мүлде ойламағанын айтады.
"Той қарсаңында да, шынымды айтсам, болашақ жарыммен ол туралы сөйлеспеппіз де. Себебі оған аса мән бермедік. Содан АХАЖ бөлімінде күйеуімнің тегін аласың ба деген сұраққа ойланбастан "иә" деп жауап бердім. Ата-анам еш реніш білдірген жоқ. Әзілдеді де қойды. Тегін алғаныма еш өкінбеймін, одан кейін өмірім өзгеріп кетті деп айта алмаймын. Құжат жасатуға көп уақыт кеткен жоқ", - дейді Мөлдір Иманбаева.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!