“Өмірім 3 секундта өзгерді“. Ернар Айдар қиын кезеңді еске алды

“Өмірім 3 секундта өзгерді“. Ернар Айдар қиын кезеңді еске алды
Фото: Видео кадры

Танымал әнші Ернар Айдар "Жақсы адамдарым" телебағдарламасына берген сұхбатында өмірін түбегейлі өзгерткен жол апатын еске алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесі жол апатынан кейін өмірлік жарын кездестіргенін айтады. 

"Әйелім Тараздың тумасы. Онымен "Күнім сен сөнбеші" деген әнім шыққаннан кейін таныстық. Мен жол апатына түстім, оған дейін бойдақтық өмір. Әке-шеше қанша үйлен деп айтса да, "кейін үйленемін, кейінірек үйленемін" деп жүре береміз ғой. Нақты, таңдаған қызым жоқ, онымен жүруге уақыт жоқ. Сөйтіп жүріп, 2017 жылы гастрольдік сапардан келе жатқан кезде жол апатына түсіп қаламын. Қателеспесем, көктем еді, сәуір айы болуы керек. Жол апатына түсіп, ауруханаға жатқаннан кейін көбісі шулап кетті, біз халықты шулатпаймыз деп ойлағанбыз, себебі жол апаты болған кезде дәл сондай көлікті де таптық. Ешқайда жарияланбасын, әке-шешем көріп, жүрегі ауырмасын деген едік", - деді әнші. 

Алайда белгісіз біреулер әншінің ота жасау бөлімінде жатқаны мен соғылған көліктің суретін жариялап жіберген.

"Сол уақытта ата-анам естіп, менің жағдайымды білуге келгенінде, "үйленесің" деді. Маған да басқа ешнәрсе қызық болмай қалды. Үйленсем, үйленемін дедім, өйткені мені бір Алла сақтады, өмірім 3 секундта өзгеріп кетті. Ән кешінен тым жақсы айғайлап, ән шырқап келе жатқан адам едім, 4 секундтың ішінде жатып қалдым. Көлік 70 метрге дейін төңкеріліп кетті. Сол сәт өмірім тоқтап қалғандай болды. Содан осы шешімге келіп, артынан Мәдинамды тауып, екінші жартымды ауруханадан шыққанша таптым, ол менің көз алдымда, Таразда жүрген ару болды", - деді Ернар Айдар.

Еске салайық, бұған дейін әнші Ернар Айдар анасының 60 жас мерейтойына ерекше сый жасағаны хабарланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә