Әнуар Иманалиев – 34 жаста. Ол Атырау қаласының тумасы. Сирек кездесетін ауыр дертке шалдыққан Әнуар 30 жылдан бері өмір үшін күресіп келе жатыр. Өмірге деген ерекше құлшынысымен өзі сияқты көптеген адамдарға үміт сыйлап жүрген Әнуар өмір жолы, қиындықтары, алдағы мақсаттары туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Өмірге дені сау сәби болып келдім. Шамамен үш жасымда ата-анам барлық балаларға салынып жүрген екпенің бірін салдырады. Бірақ, олар бұл екпенің менің болашағымды түбегейлі өзгертіп жіберетінін білген жоқ. Екпеден кейін кері реакция туындап, ес-түссіз комаға түсіп кетіппін. Осындай жағдайда екі ай жатыппын. Кейін облыстық балалар ауруханасында жан сақтау бөлімінде бір жыл жаттым. Бірақ, дәрігерлер маған нақты диагноз қоя алмай қиналған", - дейді Әнуар.
Айтуынша, бір жыл жансақтау бөлімінде жатқан кезінде 4 сағатқа жүрегі тоқтап қалған уақыттар да болған. Кейін беті бері қараған соң, дәрігерлер баланы Алматыға апаруға кеңес береді. Осылайша, кішкентай Әнуарды ата-анасы Алматыдағы педиатриялық ғылыми институтқа апарады.
"Мені тексерген дәрігерлер "СКВ", яғни, "системная красная волчанка" диагнозын қойды. Жалпақ тілмен айтқанда, бұл қан тамырына бактерия жайылған дегенді білдіреді. Уақыт өте келе, қан тамырына жайылған бактериялар артрит, созылмалы анемия, бүйрек жетіспеушілігі, өкпе, жүрек жұмысына, көздің көру қабілетіне де кері әсерін алып келді. 16 жасқа дейін Алматыдағы педиатриялық ғылыми институтта ем алып келдім. Бірақ, менің өмір үшін күресім әлі жалғасып жатыр", - дейді Әнуар.
Айтуынша, дәрігерлер Әнуардан 2021 жылы обыр ауруын анықтаған.
"Әуелі Алланың құдіреті, ата-анам мен бауырларымның махаббаты, дәрігерлердің көмегінің арқасында кешенді ем қабылдау арқылы, бұл ауруды жеңіп шықтым" - дейді Әнуар.
Үнемі көңілді жүретін, аузынан шүкіршілігін тастамайтын Әнуардан біз ерік-жігерді қайдан алатынын сұрадық. Себебі, қоғамда он екі мүшесі сау бола тұра, болмашы қиындыққа борша езіліп кететіндер көп.
"Мен әлсіздік танытсам, ата-анамның жағдайы не болады? Мен уайымға берілген кезде өзіме осы сұрақты қоямын", - дейді Әнуар.
Қиындыққа мойымай, ерік-жігерін шыңдап келе жатқан Әнуардың бойында қанға сіңген өжет мінез бар.
"Бала күнімде әжемнің қолында өстім. Әжем марқұм "менің балам мықты" деп жігерлендіретін. "Алла өзінің сүйген құлына сынақ береді. Сынаққа сынбай, сабыр сақтаған адам, ең мықты адам. Оның дәрежесі қашан да биік" дейтін. Меніңше, осы сөздер маған күш береді", - дейді Әнуар.
Әрине, өмір сынақтардан тұрады. Қуанышы мен қайғысы қатар жүретін өмір жолында Әнуардың өлім аузынан қалған бірнеше сәттері де болған.
"2021 жылы обыр ауруымен қиналып жүргенімде, жансақтау бөлімінде бірнеше күн ес-түссіз жатқаным бар. Комаға түсердің алдында қатты әлсіредім. Сол кезде қолымнан ұстап, жылаған әкем менен "жақсы өмір көрсете алмағаны үшін" кешірім сұраған еді. Мен сол кезде өмір сыйлаған ата-анама риза екенімді айтып, анама қарауын сұрағанмын. Бірнеше күн комада жатып, көзімді ашқанымда анамды көрдім. Жағдайымның қиындағанын естіген анам Алматыға ұшып келіп отыр екен. Сол кезде ақша, зәулім үй, қымбат көлік сияқты қу дүниенің денсаулық пен өмірдің жанында түкке тұрмайтынын түсіндім. Әкеммен қоштасып, іштей өмірмен қош айтысып жатқан кезімде Алладан уақыт сұраған едім. Алла сұрағанымды берді. Қазір көзқарасым өзгерді. Бұл өмірде еш нәрсені ауыр қабылдаудың қажеті жоқ. Уақытты жақсы эмоцияларға үнемдеп, қуанышты сәттер үшін пайдалануымыз керек. Сонда ғана біз мидағы керексіз шектеулерден арыламыз", - дейді Әнуар.
Өз өміріндегі қиындықтарға қарамастан, Әнуар бірнеше жылдан бері түрлі сырқатқа шалдыққан балаларға көмектесіп келеді. Осы уақытқа дейін жиырмаға жуық баланың ел ішінде және шет елдерде ем алуына қаржы жинау арқылы атсалысқан Әнуар мұндай ірілі-ұсақты қайырымдылық істерді көп жағдайда жасырын жасайтынын айтты.
"Бірде арбаға таңылған кішкентай қарындасымыздың арбасында отыратын жерінің жыртылып қалғанын көрдім. Жәрдемақымнан жинап, қарындасыма арба апарып бергенім бар. Сол кездегі баланың қуанғанын көрсеңіз, сөзбен жеткізе алмаймын. Менің қысқа да болса аяқ-қолым бар. Көп адамдарда аяқ-қол жоқ. Сондай адамдарды көргенде шүкіршілігім артады",- дейді Әнуар.
Қайырымдылықпен бірге спортты жанына серік еткен Әнуар біраз уақыттан бері Астанада құрылған парахоккей федерациясының Атырау облысы бойынша филиалына басшылық етіп келеді.
"Атырауда жол апатынан мүгедек болып қалған адамдар өте көп. Сол кісілерге екінші өмір сыйлағым келеді. Өмірден баз кешіп кетпей, алға ұмтылып, спортпен шұғылданса деймін. Қазірдің өзінде командамыз бар. Бірақ, дайындық жасайтын жер қат болып жатады. Атыраудағы жалғыз мұз айдыны уақытпен жұмыс жасайды. Сондықтан, Атырауға тағы мұз айдынын салдыру мақсатында жұмыстанып жатырмыз", - дейді Әнуар.
Алға қарай Әнуар хоккейден балалар арасындағы параспортты дамытуға ниеті бар екенін де айтты.
Сөз соңында біз Әнуардан қандай арманы бар екенін сұрадық.
"Тауға шыққым келеді. Және жер жүзін аралауды армандаймын", - деді Әнуар бізбен қоштасарында.
Айықпас дертке шалдыққанына қарамастан, қоғамның ізгіленуі жолында үлкен істер атқарып жүрген бүгінгінің батыры көпке үлгі болуға тұрарлық.
Баян Жанұзақова
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!