Ресей президенті Владимир Путин "Вагнер" жеке әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожиннің қаза тапқанын растап, көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әуе апатына келсек, ең әуелі қаза тапқандардың отбасына шын жүректен көңіл айтамын. Бұл - қайғылы оқиға, шын мәнінде, егер ол жерде алғашқы деректердегідей "Вагнер" компаниясының қызметкерлері болса, бұл кісілер Украинадағы неонацистік режимге қарсы күресте біздің ортақ ісімізге елеулі үлес қосқанын атап өткім келеді. Біз мұны есімізде сақтаймыз, білеміз және ұмытпаймыз.
Пригожинді көптен, 90-жылдардың басынан бері білемін. Оның тағдыры ауыр болды, өмірде өрескел қателіктер жасады. Ол өзі үшін және кейінгі айларда ортақ мақсатымыз үшін өтініп сұрағанымда, қажетті нәтижелерге қол жеткізе алды", - деді Путин.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский апатқа ұшыраған Пригожиннің ұшағы туралы айтты.
Еске салайық, 23 тамыз күні кешке Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі Мәскеуден Санкт-Петербургке ұшып шыққан Embraer Legacy ұшағы Тверь облысындағы Куженкино ауылының маңында құлағанын хабарлаған еді.
Ведомство ұшақта 10 адам, оның ішінде үш экипаж мүшесі болғанын, барлығы қаза тапқанын мәлімдеді. Росавиацияның мәліметінше, жолаушылар тізімінде "Вагнер" жеке әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожиннің есімі бар. БАҚ оның телефоны апат болған жерден табылғанын хабарлады.
Сондай-ақ апатқа ұшыраған ұшақта Пригожиннің сенімді серігі Дмитрий Уткин болған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!