"Өмір деген жизнь және Smack that!" 2023 жылы шенеуніктердің біртүрлі мәлімдемелері

Еліміздегі шенеуніктердің кейбірі еліміздің рекордтық көрсеткішке жеткенін айтып асықса, енді бірі нақыл сөз шығарғанды жақсы көреді. Massaget.kz тілшісі 2023-тің ең біртүрлі бірақ маңызы бар мәлімделеріне шолу жасады. 

Фото: Massaget.kz

 "Интернет сапасы жағынан Токиодан оздық"

Биыл шілдеде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернет тарифтерінің бағасына қатысты сұраққа жауап бере отырып, көпті таңғалдырған мәлімдеме жасады.

Ресми түрде біздің министрлік заңды түрде (автор - тарифтерді реттеу) ондай реттеу механизмі және оны реттеу функциясы жүктелмеген. Ұялы байланыс операторларының 4G және 3G-ден 5G-ге көшу жұмыстары іске асып жатыр. Техникалық ақаулар болып тұрады. Speedtest халықаралық рейтингі Астананың 35 сатыға жоғарылағанын, яғни 35 қаланы басып озғанын көрсетіп отыр. Біз қазір Токионы да басып оздық, - деп Бағдат Мусин үкімет кулуарында. 

Бұл сұрақты журналистер Бағдат Мусиннің өзіне қойып көрді. "Шынымен сіз солай ойлайсыз ба?" деп.

@egovpress #мусин #токио #интернет ♬ оригинальный звук - EGOV.PRESS

"Мен халықаралық рейтингтер жайлы пікір білдіре алмаймын. Ол рейтингті мен жасамаймын. Бірақ егер Қазақстанның азаматы мен Токио азаматы қолданатын интернет желісінің сапасын салыстырсақ, біз менің пайымыма емес, халықаралық зерттеулерге сүйенуіміз керек", - дейді Мусин.

Астанаға көшіп келушілер саны шектеледі

Премьер-министрдің орынбасары экс-министр Тамара Дүйсенова Астанаға келетін халықтың саны реттелетінін айтып, көпшіліктің шамына тиді.


Фото: Massaget.kz

"Астана қаласында 1 млн-нан аса адам тұрып жатыр. Бұрынғы Ақмола қаласы 300 мың адамға ғана есептелген. Бүгінде қала халқының саны 1 млн-нан асты. Жастар оқуға келіп жатыр, (қалада) жұмыс орындары ашылып жатыр. Елордадағы бүгінгі инфрақұрылым халыққа (тиісті жағдай жасауға – автор) мүмкіндік бермей жатыр. Егер Астананың көлемі кеңейіп, мүмкіндіктер жасалса, әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылым салынса, онда қарастыруға болады. Қазір осындай шешім қабылдауға тура келеді", - деді Дүйсенова.

Кейін вице-премьер үкіметтегі мәлімдемесін көпшілік басқаша түсінгенін, Астанаға келуге шектеу болмайтынын айтты.

"Қазақстанның азаматтары үшін Астанаға келіп тұру, кіру, шығу бойынша шектеу болмаған және болмайды да. Конституцияға сәйкес осы күнге дейін елордаға келу мен кетуге ешқандай шектеу болмаған. Осыны барлығыңызға жеткізейін деп едім. Үкімет отырысында Бас жоспардағы шектеу жайлы айтылды. Ішкі көші-қонушыларды тұратын жер бойынша саяжай және бау-бақша серіктестеріне есепке қою алып тастау ұсынылды. Қазір тұруға арналмаған орындарға адамдарды тіркеуге болмайды",- дейді ведомство басшысы министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

"Хиджаб киюге рұқсат беріле ме, жоқ па"

Үкіметтің кезекті отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев "мектепте хиджаб киюге рұқсат беріле ме, жоқ па" деген сұраққа нақты жауап бермей қойды.

фото:Үкімет 

Ведомство басшысы зайырлы мемлекет болғаннан кейін зайырлы елдің заңын орындауға тиіспіз деді. Бірақ нақты ашып айтпайды.

Бейсембаев сұрағын нақтылаған журналиске:

"Сіз де сауатты адамсыз. Зайырлы мемлекеттің не екенін оқып көріңіз", - деді ол.

Осы мәлімдемеден кейін қоғам екіге жарылып, хиджаб туралы дау бір ай жалғасты. Тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларының формасына қатысты мәлімдеме жасауға тура келді.

"Өмір деген жизнь"

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа журналистер әскердегі әлімжеттік туралы сұрақты жиі қояды. Сондай бір сәтті сауал қойған бір журналиске министр "бауырым сенің өзің армияда болдың ба?" деп сұрайды. Журналист "Вьетнамда болдым" деп әзілдеп жауап береді. "Бауырым басты қатырмашы" деп БАҚ өкілдерінің ортасынан кетіп қалады.

"Өмір деген жизнь. Өмірде бәрі болады. Адамдармен жұмыс істегендер ештеңеден қорғалмайды. Бірақ Қарулы күштердің басшылығы жағымсыз жайттарға жол бермес үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды", - дейді министр.

Министр ата-ана балалардың үйдегі тәрбиесіне назар аударған жөн екенін айтты.

"Меніңше, бәрі де бүгінгі тәрбиеге байланысты. Жігітті өзіне жауапкершілік ала алатындай етіп тәрбиелеу керек", - дейді Руслан Жақсылықов. 

Журналистер қолтырауын ба?

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза "әлеуметтік желіде журналистерді "қолтырауынға" теңеді. Кейін ол өзінің жазбасы үшін кешірім сұрады. Ол әзілінің орынсыз болғанын, алдағы уақытта мұндай жазбалар қалдырмайтына уәде берді.

"Кеше Nat Geo Wild арнасынан қолтырауындар туралы бағдарлама көрдім. Қолтырауындар зебралар мен гнулардың көші басталғанда Мара өзенінің ең таяз жерінде күтіп отырады екен. Яғни қолтырауындар шөпқоректілердің өзеннің таяз жерін сезетінін біледі. Бүгін кезекті пленарлық отырысқа бара жатып, бізді күтіп отырған журналистерді көзім шалып қалды. Адамдар әлемі мен хайуанаттар әлемінің ұқсастығы баршылық. Аңғарған адамға", - деп жазды депутат.

БАҚ өкілдерінің сынан кейін жазбасын бірнеше минуттан соң өшіріп тастап, артынша қысқаша пікір қалдырған.

"Журналистер туралы жазған қалжыңым орынсыз болды. Ашылғым келді, бірақ тәсілім өтпеді, ұнамады қабылданбады. Бүгінгі күн маған - сабақ. Бұл қоғамға классикалық, салмақты, тұйықтау депутат керек екен. Солай түсіндім, өзгереміз", - деді ол.

Әйелдер зорлық-зомбылыққа өздері итермелейді

Депутат Марат Башимов заңнама комитетінің отырысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы мәселе бойынша сөз сөйледі. Ол әйелдердің кейде ерлерді қол көтеруге өздері итермелейтінін айтты.

фото: Мәжіліс 

"Сарапшылардың пікірінше, ер адамдар ғана емес, әйелдер де зорлық-зомбылықты жиі тудырады. Осыған байланысты Германияның, басқа елдердің тәжірибесі өте маңызды, оны көптеген ел тиімді және қолданады. Бізде зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамалар тек әйелдердің құқығын қорғауға арналған", - дейді халық қалаулысы.

Мәселен осы мәселенің төңірегінде Мәжіліс депутаты Амантай Жарқынбек әйел ер адамды ашулы күйге жеткізіп, қылмысқа "арандатса", оны да "карцерге отырғызу керек" деген ұсыныс айтты.

"Еліміз үлкен аумақты алып жатыр. Біздің оңтүстік пен солтүстік, шығыс пен батыстың менталитеті мүлдем бөлек. Бірақ бұл аймақтардың жастары бір-бірімен отбасын құрады. Олар әртүрлі тілде (қазақша, орысша) сөйлейді және әртүрлі дүниетанымда болады. Олар отбасы құрғасын, ұрыс-керіс болмай тұрмайды. Ыдыс-аяқ сылдырлаған сайын күйеуіңді қамата берсең, ол отбасы бақытты бола ма? Тіпті осындай жағдайдан кейін көпшілігі қайтадан қосылмайды", – деді Амантай Жарқынбек мәжілісте.

10 жыл тыңдалған Smack that қоздыра ма?

Депутат Аманжол Әлтай Akon-ға іш киімін лақтырғандар мен домбыра сыйлағандарды сынға алды. Мәлімдеме қаншалықты мәжіліс мінберінде көтерілуге тиіс еді? 

Фото: t.me/mazhilis_kz

"Астанада өткен Akon-ның концертіне байланысты бірнеше аспектлерге тоқталайын. Біріншіден, концерт кезінде жанкүйер жастар әншіге іш киімін лақтырып, төмен моральдық мінез-құлық көрсетті, еліміздің беделіне нұқсан келтірді.  Екіншіден, ұлттық өзегі әлсіз, өзгені пір тұтқыш жастар әндердің контекстінде байқалатын гендерлік кемсітушілік мәселесін, қыздардың намысын, абыройын қорлайтын теріс мазмұнын аңғармай есі кетті. Үшіншіден, "smack that"  әнінің мәтінінен эротикалық сипаттағы нәпсіні қоздыруға итермелейтін, сананы лайлап, тәрбиеге теріс әсер ететін қауіпті мазмұнды аңғарамыз", – деді депутат.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!