Air Astana әуе компаниясы Оманға жаңа бағыттарды іске қосады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әуе компания Оманға екі жаңа бағыт бойынша тұрақты рейстер орындай бастайды. 23 қазаннан бастап Алматы - Салала бағыты бойынша аптасына 1 рет (жұма күндері), ал 24 қазаннан бастап Астана - Салала бағыты бойынша аптасына 1 рет (сенбі күндері) Airbus A320 әуе кемелерімен рейстер орындалады.
"Жаңа бағыттар ашылуы Қазақстан мен Оман Сұлтандығы арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді", - деп жазылған Көлік министрлігі хабарламасында.
Салала - Оман Сұлтандығының оңтүстігіндегі Дофар провинциясының әкімшілік орталығы және елдегі екінші үлкен қала. Ол Арабия теңізі жағалауында орналасқан.
Еске салайық, бұл туралы елімізге жуырда келген Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың сапары кезінде айтылған еді. Қазір тек Salam Air әуе компаниясы Оманға Алматы - Маскат бағыты бойынша рейстер орындайды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова