Қазір жасөспірімдердің көпшілігі күмәнді Telegram-арналарда отырады. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айнагүл Боранбаева (есімі өзгертілді - еск.) - үш баланың анасы. Балалары бастауыш сыныпта оқиды.
Күмәнді Telegram-арналар туралы ол қолына қайын сіңлісі келіп тұра бастаған сәттен бастап білген.
"Қайын сіңлім бес оқиды. Анасы мен әкесі ауылда енемді бағып отыр. Бастапқыда ашық-жарқын қайын сіңлім қазір тұйықталып кетті. Далаға да шықпайды. Сабақтан келгеннен кейін бүркеніп жатып алып, телефон қарайды. Шыдай алмай бір күні телефонын алып қарадым. Сөйтсем ол "Гей и порно" деп аталатын Telegram-арнада отыр екен. "Научим вас как безболезненно убить себя. Как болезненно убить себя и многому другому" деп жазылып тұрған группада әңгімелердің түр-түрі бар" - дейді Айнагүл Боранбаева.
Айнагүлдің айтуынша, топтағы админдер группаға көбірек адам әкелуді жасөспірімдерге міндеттеп отырады.
Сонымен қатар, топ мүшелерін бір-бірімен жақын танысуға міндеттейді.
"12-ге енді толған қайынсіңлімнің 18 жастағы жігітпен сөйлесіп жүргенін көргенде жағамды ұстадым. Қайынсіңлімді ол группадан шығарып, каналды блокқа қойдым. Бірақ ертеңгі күні мұндай каналдың мыңы шықпасына кім кепіл? Үкімет, құзырлы органдар баланы кибербуллингтен сақтандырудың амалдарын қолға алып, TikTok, Telegram сияқты каналдарды бұғаттаса екен", - дейді Айнагүл.
Айта кетейік, жақында Парламентте балаларға арналған sim karta енгізу, сол арқылы балалардың интернеттегі өмірін толық бақылау мәселесі көтерілді. Әзірге бұл тек ұсыныс күйінде қалып отыр.
Ресми деректерге сүйенсек, былтыр Атырау облысында 4 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. 13 жасөспірім суицид жасауға ұмтылған. Жыл басынан бері Атырауда үш жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, өмірмен қоштасты. Олардың көпшілігі - мектеп оқушылары. Атырау облысы Полиция департаменті мұндай күмәнді каналдарды бақыламайтыны анықталды.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!