- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Өлтіріп, қалтасындағы 5...
"Өлтіріп, қалтасындағы 5 мың долларын алып кеткен": 13 жыл бұрынғы қанды қылмыс ашылды
Түркістан облысында 13 жыл бұрын валюта айырбастаушыны өлтірген күдікті қолға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысының полицейлері жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде он үш жылдан кейін қарақшылық шабуыл жасады және кісі өлтірді деген күдіктіні ұстады. Жедел уәкілдер бұрын сотталған 46 жастағы ер адамды Шымкент қаласында қолға түсірді. Күдікті қамауға алынды.
Күдікті 2011 жылы мотоциклмен Жетісай қаласының тұрғынына, яғни валюта айырбастаумен айналысқан ер азаматқа қарақшылық шабуыл жасап, оны өлтіріп, содан кейін қалтасындағы 5 мың АҚШ долларын алып, қашып кеткені анықталды.
Сол кезде осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, іздестіру іс-шаралары жүргізілді және полиция базар маңынан күдіктінің мотоциклін тауып, заттай дәлел ретінде тәркілеген. Полиция 13 жыл бойы жедел іздестіру іс-шараларын тоқтатпай жүргізіп, күдіктіні ұстады.
Күдікті бұл әрекетін толық мойындады. Қылмыстық істің материалдары заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова