- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Өлтіріп жатыр!“ Ақтөбеде...
“Өлтіріп жатыр!“ Ақтөбеде диспетчер тұрғынға көмек көрсетпеген
Ақтөбеде 112-құтқару қызметінің 27 жастағы диспетчеріне қатысты сот отырысы басталды. Тергеушілердің айтуынша, қызметкер әйелдің көмек сұраған қоңырауына мән бермеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 31 арнаға сілтеме жасап.
Әділ Қалидоллаға немқұрайлылық танытты деген айып тағылып отыр. 2024 жылғы 9 маусымында қызметтік міндетін атқарып жүргенде 112 нөміріне көмекке шақырту түскен. 55 жастағы Клара Сұлтанбаева көлігін сатуға кеткен. Кездесуде жалған сатып алушы оны қауіпсіздік белдігімен тұншықтыра бастаған. Осы кезде әйел 112 нөмірін теріп үлгерген.
"Өлтіріп жатыр!" деп қатты айқайлаған, бірақ Калидолла қоңырауды қабылдап, оның сөзіне назар аудармады, мән бермеді, бағаламады. Ол тек мекенжайын нақтылап қана қойған. Жағдайды анықтау үшін қайта қоңырау шалмады, көмек жібермеді", - деді Ақтөбе прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Темірлан Ибрагимов сотта.
Марқұмның денесі қала сыртында табылды. Іздеуге еріктілер қатысты. Көп ұзамай күдікті ұсталды. Оның гаражынан ұрланған көлік те табылды. Мемлекеттік айыптау 112 диспетчері өз міндеттеріне немқұрайлы қарады, нәтижесінде адам қаза тапты деп санайды. Сотталушы "өлтіріп жатыр" дегенді естімегенін, тек қатты айқай естігенін және жағдайды отбасылық жанжал деп ойлағанын айтты. Сол күні ол 807 қоңырау қабылдағанын да алға тартты. Сотта ол кінәсін мойындап, қайтыс болған адамның туыстарынан кешірім сұрады.
"Жұмысына салғырт қарады. Ол оның дауысын естімегенін айтады, бірақ анық естіліп тұр ғой. Соттың қарауына жаза шарасын қалдырамын. Сот өзі шешеді", - деді марқұмның әпкесі Мәдина Дүкенбаева.
Жәбірленуші тарап бұрын қойылған 5 300 000 теңге мөлшерінде талап қоюдан бас тартты. Тараптар медиатив келісімге келді. Марқұмның әпкесі барлық шығын өтелгенін және диспетчерді кешіргенін айтты.
Бұл - құтқару қызметі қоңырауды елемеген екінші жағдай. Биыл қыста 112 операторы қансыраған қызға сенбегені үшін сотталған еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек