“Өліп қалуы мүмкін еді“: Ақтауда кен орнынан аққу табылды

Жетібай кен орны аумағында жұмысшылар әлсіреген аққуды тауып алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Азамат Сарсенбаевтың айтуынша, 19 қазанда Жетібай кен орнының жұмысшылары одан аққуды құтқаруға көмектесуін өтінген. Мұнайшылардың сөзінше, құс жерде жатқан, ұша алмаған. Олар аққуды торға салған кезде, үстінен екі сұңқар айналып, оны олжа ретінде торуылдап жүрген.

Құс Ақтауға жеткізілді. Аққуды қарап шыққан блогер көзге көрінерлік жарақат жоқ екенін, алдын ала болжам бойынша құс сау екенін айтты.

"Бәлкім, бұл - үйірінен қалып кеткен балапан болуы мүмкін", - деді ол.

Азамат Сарсенбаев аққуды табиғи мекеніне жіберу үшін Қаракөл көліне бет алып бара жатыр.

"Егер құсты кен орнында қалдырса, ол жемін таба алмай, өліп қалуы мүмкін еді", - деді блогер.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!