Шымкентте 5 ауылдың тұрғыны "Газ бу электр" станциясын салуға қарсы шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Халық құрылыс басталатынын апта бұрын ғана естіген. Көпшілік онсыз да "мұнай өңдеу" зауытынан көргеніміз аз емес дейді. Тұрғындардың сөзінше, аумақта екінің бірі ауруға шалдығып, өлім-жітім көбейген. Ал атқамінерлер болса елге келер ешқандай зиян жоқ екеніне сендіреді. Десе де қолдарында экологиялық сараптама нәтижесі жоқ екен.
Шымкент іргесіндегі 5 ауылдың тұрғындарында бір аптадан бері маза жоқ. Маятас елді-мекенінен "Газ бу электр" станциясын салады дегенді естіген жұрт бүгін бас көтерді.
"Менің алаңдап тұрғаным осы - Маятас, сәл де болса таза ауа еді. Бірақ осының өзінде жан-жағымызда нефтеперегонныйдан, битумнан кеп жатқан иістерден келіндеріміз бала тастап қойып жатыр. Жап-жас жігіттеріміз қайтыс боп жатыр, қант диабетінен кетіп жатыр. Кемпір-шалдар жүректен кетіп жатыр", - дейді тұрғын Әлия Иманбекова.
Станция соғылу үшін ауылдың 99 гектар жері алынған. Онсыз да жайылым жерге зар боп отырған бұқара енді тіпті төрт түліксіз қаламыз ба деп қорқып отыр.
"Парогенератор деген парды шығару үшін ішіне не деген химикаттар қосылады. Сонда ғана пар болады. Ол пардың 70 пайызы ауаға тарайды. 70 пайыз ауаға тараған пар қайтадан төбемізде бұлт боп тұрады. Ол бұлт боп тұрған соң қайтадан жерге түседі. Жерге түскен кезде бүкіл өсімдік диханшылықтың бәрін күйдіріп тастайды" - дейді ауылдың тағы бір тұрғыны Түймебай Базаров.
Жиналған жұрттың қорқынышы мұнымен бітпейді. Ел станцияда жиналған су жарылса, ауыл түгілі Шымкенттің өзін шайып кете ме деп алаңдаулы.
"Таулы жер болғаннан кейін сейсмикалық қауіпті аймақ болып саналамыз. Олар бізге әлі түсіндіру жұмыстарын жүргізбеді, әлі толық зерттелмеген. Мысалы жер сілкінісі болса платина ашылып кетуі мүмкін. Болмаса ПГУ да ақау болса, ол қалай әсер етеді суға, бұл су егер ашылып кететін болса, Төлеби ауданы және Шымкент қаласының біраз жеріне зардабын тигізеді. Су шайып кетеді" - дейді тағы бір тұрғын.
Станция салынатынын апта бұрын ғана естідік деген көпшілік қоғамдық тыңдаудың өздерінсіз өткеніне де наразы. Ал шенеуніктер пікір білдіруге 5 ауылдан 25 адам жиналып, қарсылық білдірмеді деп есеп берген.
"Бұл жоба қазір экспертизада, экологиялық экспертизада. Оның қорытындысы осы мамырдың 15-і күні шығады. Егер заңсыз іс-әрекеттер болса, сот шешімі бойынша тоқтайды", - дейді "ПГУ Түркістан" ЖШС өндіріс жөніндегі орынбасары Нияз Мұсатаев.
Экологиялық сараптама нәтижесі шықпаса да құрылысқа қамданып жатқан жауаптылардың сөзінше, станцияны жоспар бойынша 2025 жылдың соңында аяқтаулары керек. Ал бар зардабын көтеретін болдық деген 50 мың тұрғын енді петицияға қол жинауға бел буып отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!