Астаналық дәрігерлер өлім аузында жатып босанған әйелді аман алып қалды, - деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
№2 көпбейінді қалалық аурухананың дәрігерлері панкреатитпен ауыратын жүкті әйелді аман алып қалды. Бұл панкреатиттің ауыр асқынған түрі көп жағдайда науқасты өлімге әкеледі.
Жүктіліктің 39-аптасында келіншектің бойында панкреонекроз өршіген, бұл – жедел панкреатиттің өмірге қауіп төндіретін асқынған түрі, ұйқы безі тінінің өлгенін білдіреді. Басым көпшілігінде дене мүшесінің жеткіліксіз дамуына, қанның улануына және науқастың өліміне әкеледі.
Науқас әйелді ішінің жоғарғы бөлігі қатты шаншып ауырып, жүрек айну, құсу белгілері мазалаған. Науқас шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылды. Ана мен бойына біткен сәби өміріне қауіп төнгеніне байланысты жан сақтау бөліміндегі акушер-гинекологтар бригадасы жедел босандыру туралы шешім қабылдады.
Босанғаннан кейін келіншектің жағдайы ауыр болды, аурухананың бас дәрігері Нұрбол Тұрсынбаев әріптестерімен бірлесе диагностика жүргізіп, клиникалық жағдайдың күрделілігіне қарамастан хирургиялық араласусыз емдеу туралы шешім қабылдады.
«Жүргізіліп жатқан ем аясында жағдайды тұрақтандырып, әйелді жалпы хирургия бөлімшесіне ауыстыруға мүмкіндік туды. Бақытымызға орай, операция қажет болмады, көп ұзамай әйелдің жағдайы оңалды», - деді емдеуші дәрігер Айдар Жұмағалиев.
Қазір ана мен бала өздерін жақсы сезінеді және ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.