- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Олжас Бектенов Антикор...
Олжас Бектенов Антикор басшысы қызметінен босатылды
Олжас Бектенов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Олжас Абайұлы Бектенов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасы лауазымынан босатылсын", - делінген хабарламада.
Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын (2001 ж.) үздік бітірген, мамандығы - заңгер. ІІ дәрежелі "Айбын" (2014 ж.) және "Даңқ" (2021 ж.) ордендерімен наградталған.
Еңбек жолын 2002-2005 жылдары Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы болып бастаған. 2005-2006 жылдары ҚР премьер-министрі кеңсесінің заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы, 2006-2009 жылдары ҚР Президенті әкімшілігінде жұмыс істеді.
2009-2012 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары, 2012-2014 жылдары ҚР Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы болды.
2015-2016 жылдары Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі, 2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, 2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, 2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болды.
Айта кетейік, ол 2022 жылғы ақпаннан бастап ол Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып тағайындалған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова