- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Олимпиадаға шақыртылмағаным үшін...
"Олимпиадаға шақыртылмағаным үшін "әттеген-ай" бар". Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері өкінішін айтты
Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов "Уақыт көрсетеді" youtube-арнасына берген сұхбатында қазір немен айналысып жүргенін баяндап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазір ол 8 сотық үйінің жертөлесін балалар жаттығатын спорт зал етіп қойған.
"8 сотық үйім бар. Жертөлесін балалар жаттығатын спорт зал етіп қойдым. Бірінші қабатта өзім тұрамын, екінші қабатта балаларға хостел етіп қойдым. Спорт залдың еденін өзім жуамын, керек болса балаларды шақырамын. Кешке балалар келеді, соған шейін тап-таза болып тұруы керек. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін Назарбаевпен де, премьер-министрлермен де 2-3 рет құшақтасып амандасқанмын. Адам деген бәрібір топыраққа түседі. Адам болып қалу үшін шүберекті де көру керек. Қандай бай болсаң да, қарапайым болу керек", - деді ол.
Тұрсынғали Еділовтің Париж Олимпиадасына шақыртылмағанына қынжылатынын айтты.
"Маған спортшыларға ақыл айтудың керегі жоқ. Париж Олимпиадасына барып, спортшыларға ақыл айту кеш. Неге десеңіз, Азияға бармай-ақ, спортшыларды іріктеп апару керек еді. Бас бапкердің білімі керек оларға. Жылқы да 12 жыл шаппайды ғой былай қарасаң. Бірақ Париж Олимпиадасына неге шақырмағанын білмеймін. Ол жерге шынымды айтсам, қатысқым да келмейді. Бапкер ретінде ондай дода шәкіртің болса - арман. Ал былай өсек айтып, ананы-мынаны тыңдап жүрген ыңғайсыз. Нағыз тренер болсаң, қай додаға барғанда да - шәкіртпен баруың керек. Шақырмағанына "әттеген-ай" бар. Кезінде жуастығымнан ба, Ермахан шәкіртім Атлантадан медаль алып келгенде бір пәтер алғаным жоқ. Кейін Сиднейден келдік, 100 мың доллар алдым, тағы да пәтер алмадым. Қайта Бауыржан Оспановқа рахмет. 2010-2015 жылдары бас бапкер ретінде алып, жылына 1 млн доллар төледі. Қазір маған Олимпиадалық стипендия тағайындалған - 370 мың аламын. Бірақ ол жетпейді. Өз балаларымның оқуына көп ақша жұмсаймын. Ал спортзалға келген балалардан 10 мың теңгеден аламын, бермесе тегін қатыса береді", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы