Telegram-арналардың бірінде ақылы олимпиада туралы тағы бір ақпарат шықты. Онда байқаудың марапаттау рәсімі ақылы түрде өтетіні, құны 25 мың теңге тұратыны айтылады. Massaget.kz тілшісі осы ақпаратқа байланысты Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне жүгінді.
Тараған ақпаратта 25 мың теңгеге оқушының өзіне дипломдар, төсбелгілер берілетіні, оған қоса дайындаған мұғаліміне, ата-анасына алғыс хат жіберілетіні жазылған. Демек, марапаттың бәрін оқушы "сатып алуы қажет".
Марапаттау рәсімі Астана қаласында жоспарланған екен. Ал төлем уақытын 15 наурызға дейін деп белгілеген.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, Қазақстанда ресми түрде ауыл оқушыларына өткізілетін бірнеше олимпиада бар.
Тізімдегі бұл олимпиадалар тегін өткізіледі екен. Ал ішінде әлеуметтік желіде тарап жүрген "Дарынды 1000 бала" атты республикалық байқау жоқ.
"Ауыл оқушылары арасындағы "Дарынды 1000 бала" олимпиадасы №514 бұйрыққа енбеген және ресми іс-шара емес екендігін хабарлаймыз. Облыстық білім басқармаларына мұғалімдер мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ, "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы бұл компанияның одан әрі қызметіне жол бермеу үшін тиісті шараларды қолға алмақ", - деп жауап берді министрлік өкілі Massaget.kz-ке жауабында.
Еске салайық, бұған дейін де министрлік өкілдері мектепте өткізілетін ақылы байқаулар мен шаралар қаншалық заңды екеніне жауап берді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!