Олимпиада жүлдегерлері Демеу Жадыраев, Нариман Құрбанов пен Ғұсман Қырғызбаевқа Қазақ спорт және туризм академиясында білім алуға мүмкіндік беретін гранттар табысталды.
Бұл ақпаратты Қазақ спорт және туризм академиясы қызметкерлері Massaget.kz тілшісіне растады.
"Париж олимпиадасында ел қоржынына түскен 7 медальдің бесеуін академия түлектері иеленді. Бұл - білім ордасы үшін үлкен мәртебе әрі мақтаныш. Сондықтан Демеу Жадыраев, Нариман Құрбанов, Ғұсман Қырғызбаев, Назым Қызайбай, Ислам Сәтбаев сынды спортшылардың есімдері енді білім ордасының Олимпиада жүлдегерлері стенд тақтасына алтын әріппен жазылады", - делінген хабарламада.
Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов жиында Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Демеу Жадыраевқа докторантурада, Нариман Құрбанов пен Ғұсман Қырғызбаевқа магистратурада тегін білім алуға мүмкіндік беретін Академия грантын табыстады.
"Практика жүзінде білген-түйгенімізді енді теориямен ұштастыруға, ғылыми тұрғыда ізденуге мүмкіндік берген, өзім оқыған академия басшылығына ризашылығымды білдіремін. Ал артымыздан ерген жас өрендерге сәттілік тілейміз. Алға қойған мақсаттарыңа жетуден ешқашан шаршамаңдар" - деді Демеу Жадыраев.
Еске салайық, бұған дейін Демеу Жадыраев Олимпиададан алған сыйақыны қайда жұмсайтынын айтқан еді.
"Бірінші берсін, сосын көре жатармыз. Алдыңғы сұхбаттарымда айтқандай, бұл отбасының қорына түсетін ақша болады. Отбасылық бюджет болады. Содан кейін әрі қарай көре жатармыз. Қажетті жерге жұмсаймыз",- деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!