Дзюдодан тұңғыш олимпиада чемпионы Елдос Сметов республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жамбыл облысы ӨКҚ-ға сілтеме жасап.
Ол Тараз қаласындағы №82 референдум учаскесінде дауыс берді. Мемлекет үшін маңызды оқиғада азаматтық парызын орындаған спортшы өз отандастарының дауысы келешек үшін айрықша мәнге ие екенін айтты.
"Бүгінгі референдум – барша қазақстандықтар үшін маңызды оқиға. Атом электр станциясын салу немесе салмау туралы таңдауды халықтың өзі жасап жатқанын жөн деп санаймын. Өз отандастарымды өз таңдауларын жасауға шақырамын. Себебі елдің болашағы қашан да халықтың қолында. Мен де қарапайым халықтың қатарындағы азаматпын. Менің де дауысым маңызды деп ойлаймын. Бүгін өз таңдауымды жасадым", – деді чемпион.
Еске салайық, 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын салу мәселесі бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстан АЭС-ке қатысты референдумды өткізуге 15,5 миллиард теңге жұмсайтыны хабарланды.
Кейінірек Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазақстанда АЭС салу бойынша өтетін референдумда бір ғана сұрақ қарастырылатынын айтты.
АЭС салу референдумы қалай өтеді?
Сондай-ақ Қазақстанда АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрылды.
АЭС бойынша референдум: бюллетеньде не жазылады?
Өңірлердің АЭС құрылысы бойынша референдумға дайындығы қандай?
Энергетика министрлігі өкілі Massaget.kz-ке берген сұхбатында Қазақстан АЭС құрылысын жүргізетін елге тәуелді болмайтынын мәлімдеді.
Дауыс беретін учаскені анықтауға арналған нұсқаулықпен мына жерден таныса аласыздар.
Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, референдум – маңызды мәселелер бойынша жалпыхалықтық дауыс беру. Оны "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заң реттейді, ал ұйымдастырумен арнайы құрылған комиссия айналысады.
Референдум бойынша дауыс беру бүгін, 6 қазанда сайлау учаскелерінде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Бұл ретте 80-нен аса учаске өз жұмысын 06:00-де бастады. Республика бойынша дауыс беруге арналған 10 000-нан аса учаске бар. Шетелде Сеул мен Токиода учаскелер бірінші ашылды.
Жергілікті атқарушы органдар республика бойынша дауыс берушілердің тізіміне 12 миллион 244 мың 683 азаматты енгізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!