Грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпiров қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясына сілтеме жасап.
"Грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек ерi, "Барыс", "Құрмет" "Парасат" ордендерінің иегері Жақсылық Әмiрәлiұлы Үшкемпiров ағамыз бақилық болды. Батыр ағамыздың Мәскеу Олимпиадасындағы ерлігiне биыл 40 жыл болып еді...
Марқұмның барлық туған-туыстарына, отбасына, жора-жолдастарына, барша Қазақстан күресiнiң жанкүйерлеріне қайғырып көңіл айтамыз!", - делінген хабарламада.
Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіров (шын аты-жөні - Жақсылық Үшкемпірұлы Әмірәлиев) 1951 жылы 6 мамырда Жамбыл облысындағы Дихан ауылында дүниеге келген.
Спорт шебері (1971), Халықаралық спорт шебері (1975), Еңбек сіңірген спорт шебері (1980), алтын медаль иеленген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы (Мәскеу, 1980), Әлем чемпионы (1981), әлем кубогының күміс жүлдегері (1982), екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы (1975, 1980), Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.