- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Олигархтарды, олардың банктерін...
"Олигархтарды, олардың банктерін халықтың, мемлекеттің қаражаты есебінен қаржыландырып отырмыз" - депутат
Депутат Еділ Жаңбыршин мемлекеттік компаниялардың қаржысын халыққа тиімді пайдалану жөнінде жан-жақты талдау жасалынып, тиісті шешімдер қабылдануын сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы депутат Мәжіліс отырысында айтты.
"Бүгінге шейін көптеген ірі инвестициялық жобалар: "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері"; "Жайлы мектеп"; инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар мен басқа да жобаларды дамыту, мемлекеттік бюджеттен, Ұлттық қордан 3 триллион теңгеден астам сомаға қаржыландырылып отыр. Соңғы үш жылда әртүрлі жобаларға мемлекеттің кепілдігімен тартылған несие 2,2 триллион теңгені, ал Үкіметтің алған қарызы 1,8 триллион теңге болды. Бұл инвестициялық жобаларға бөлінген ақшаның негізгі бөлігі екінші деңгейдегі жекеменшік банктерге орналастырылған, - дейді депутат.
Сонымен қатар, Жаңбыршин 2022 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша "Самұрық-Қазына" қорының жекеменшік банктерде орналастырылған қаржы активтері мен ақшасы 5,9 триллион теңге болғанын атап өтті.
"Яғни мемлекеттегі қаржының көбі жекеменшік банктер арқылы айналымға жіберілген. Мысалы, жоғарыда айтылған қаржылардың 1,0 триллион теңгесін бір жекеменшік банкке орналастырсақ, бұл банк жылына орташа есеппен 150 миллиард теңге табыс табады екен. Енді есептеңіз, қанша мемлекет қаржысы мен Үкімет алған қарыздар осы жекеменшік банктер арқылы өтті?! Осындай оңай қаржылық схемалар арқылы пайда тапқан банкирлеріміз Форбстың тізімнен бір ақ шықты. Ай сайын инвесткірістер мен қызмет көрсетуден түсіп жатқан миллиардтар, жекеменшік банктерді Қазақстан экономикасын дамытуға мүмкіндік беретін бизнес жобаларды қаржыландыруға ынталандырмайды. Өйткені олар басын ауыртып, ойланбайды. Оп-оңай табыс келіп тұр. Бұлар әбден қаржылық монополист болып алған!
Ақиқатына келгенде біз олигархтарды және олардың банктерін халықтың, мемлекеттің қаражаты есебінен қаржыландырып отырмыз және оны тексере де алмаймыз. Сонда Үкімет, құзырлы органдар мен Агенттіктер қайда қарап отыр? Солармен бірге ме?", - дейді депутат.
Еділ Жаңбыршин жеке банктер сияқты қызмет көрсете алатын бірқатар мемлекеттік қаржы институты елдегі ақша активтерін орналастырудан шеттетілген және олар үлкен қаржылық шығынға ұшырап жатқанын айтады. Мемлекет оларды банкрот қылмас үшін қаржылай көмек жасап отыр.
"Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып:
Бірінші. Мемлекеттік компаниялардың қаржысын халыққа тиімді пайдалану жөнінде жан-жақты талдау жасалынып, тиісті шешімдер қабылдансын. Екінші. Үкіметтің инвестициялық жобаларға алатын несиелері, қарыздары, оған бөлінетін бюджеттік қаражаттары мемлекеттік қаржы институттарында, бірінші кезекте "Қазпочта"-да орналастырылсын. Үшінші. "Самұрық-Қазына" Қорының қаржылық активтерін кезең-кезеңмен мемлекеттік қаржы институттарына, оның ішінді "ҚазПочта"ға орналастыру мәселесі қаралсын", - дейді Еділ Жаңбыршин.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина