Олигарх 200 миллион доллар байлығын мемлекетке қайтарды

Олигарх 200 миллион доллар байлығын мемлекетке қайтарды
Фото: ҚҰҚК

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев ұсталған олигарх Райымбек Матраимовтың мемлекет бюджетіне қанша қайтарғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kg сайтына сілтеме жасап.

Жогорку Кенеш отырысында Ташиев Кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов мемлекет бюджетіне 200 миллион доллар (17 миллиард сом) төлегенін айтты.

Ол Матраимовтың сегіз ай бұрын ұсталғанын еске салды. Оның үстінен үш бап бойынша - мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, бұзақылық және ақшаны жылыстату бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"200 миллион доллар 2 миллион доллар емес, бұл қандай ақша екенін бизнеспен айналысатын депутаттар біледі. Ол қолма-қол ақшамен ғана емес, мүлікпен де төледі. Біз одан алған дүние-мүлік сараптамадан өтті, сарапшылар барлығын бағалады", - деді Қамшыбек Ташиев.

Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Бішкекте қауіпсіздік күштеріне арналған госпиталь ұйымдастырылып жатқан 14 қабатты бизнес орталығы Райымбек Матраимовтан алынғанын айтты. Ол 53 миллион долларға бағаланды, ал мемлекет оны 32 миллион долларға алды. Сонымен қатар олигарх Ош қаласында "Ихлас" компаниясымен бірлесіп көпқабатты үйлер салған. Бұл пәтерлер шаршы метрі 1,2 мың доллардан алынып, 1,2-1,5 мыңға сатылған.

Еске салайық, наурыздың аяғында Қырғызстан Кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов Бакуден Бішкекке экстрадицияланған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек