- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Өлгенім артық": Алматыда...
"Өлгенім артық": Алматыда 20 жастағы қыз зорлық көрсетпек болғандардан қашып, терезеден секіріп кеткен
Алматыда 20 жастағы бойжеткенге жеті қыз жабылып ұрып-соғып, қоқан-лоқы көрсеткен. Ол аздай, оларға тағы бір жігіт қосылып, қызды зорламақ болған. Жәбірленуші қашып құтылу үшін ғимараттың 3-қабатынан секіріп кетіпті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, жағаұстатар жайт Алматыдағы Абылай хан көшесінің бойында тәулікке жалға берілетін үйлердің бірінде болған. Қалаға арман қуып, жұмыс істеуге келген қызды құрбысының таныстары алдап үйінен шығарып, артынша соққыға жығып, қинап, жөзекшелікке итермелеген. Ал бойжеткен ондай теріс жолға түскеннен, өлім артық деп биіктен секіріп кетті. Абырой болғанда, аман қалған.
Аты-жөнін атамауды жөн көрген қала тұрғыны 2 айға жуық уақыт төсекке таңылып жатыр. 20 жастағы бойжеткен жантүршігерлік оқиғадан кейін аяғына тік тұра алмайды. Оның қолы, саусақтары, екі аяғы мен арқасы сынып, зақымданған, миы шайқалған.
"Мен саған 2 сағат беремін, 2 сағатта 100 мың теңге қойып бересің маған" деді. Олардың қолында пышақ тұрды, олар "5 жігітті кіргізіп беремін осы квартираға солармен жатасың деп айтты", осындай бір қосымшамен жұмыс істейсің деді, істемеймін деп қоймай қойдым. Сол кезде квартираға бір еркек келді, сосын Аружан деген қыз тұрды да мына қызды ал да кіре бер деп айтты. 10 мың теңге деді… Сол кезде не істерімді білмедім де асүйге қарай шықтым, терезе ашық тұр екен. Мен секіріп кеттім ол терезеден", - дейді жәбірленуші.
Анасының айтуынша, қыз шошып қалған, түнде дұрыс ұйықтай алмайды. Төсекке байланған сәттен бері өзі жұмыстан шығыпты. Құзырлыларға жүгініп, көмек сұраған. Алайда іс бір орында тұр.
"Өмір сүргім келмейді анашым, сізге масыл болдым" деп жылайды. Тұруға болмайды деді дәрігерлер. Арыз жаздым, біреуі қаралып жатыр дейді, біреуі ондай арыз жоқ деді, біреуі тексеріп жатыр. Мен 18 күні барғанда ешқандай арыз болмаған бәрін, архивке утилизацияға жібере салған дейді. Не себепті сіздер жібересіздер дегенде, сіздің қызыңыз қол қойып берді ешкімге шағымданбаймын деп деді. Мен айттым қызымның қолы сынған, қалай сіздерге жазып береді?", - дейді жәбірленушінің анасы.
Ал Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, қазір бұған қатысты тергеу жүріп жатыр.
"Бұл іске қатысты қылмыстық іс тіркеліп, Алмалы аудандық полиция Басқармасымен тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Объективті жағдайлар анықталуда. Қазіргі уақытта іс жүргізу аясында кешенділік, толықтық және объективтілік қағидаттарын қатаң сақтай отырып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Алматы қалалық ПД басшылығының бақылауында", - дейді ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Зардап шеккен бойжеткен мен оның туыстары бұзақыларды жазалап, әділетті іс жүргізуді талап етіп отыр. Жәбірленуші ұзақ уақыт ем қабылдап, оңалту шараларынан өтуі керек. Алайда дәрі-дәрмек пен емге кететін шығын оларға үлкен салмақ салуда. Себебі көпбалалы отбасында тек әкесі жұмыс істейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина