“Өлексе шашылып жатады“. Алматы облысында жұрт қоқыстың зардабын тартып отыр

“Өлексе шашылып жатады“. Алматы облысында жұрт қоқыстың зардабын тартып отыр
Фото: Коллаж: КТК, depositphotos.com

Алматыда үй маңы қоқыс полигонына айналды деген тұрғындар шенеуніктерге қапалы. Өйткені қала мен облыс ортасындағы аумаққа кім көрінген тұрмыстық қалдық, істен шыққан техникадан бастап, жануарлардың өлексесін тастап кететін болған. Оны ешкім тазартқысы жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Ит өлекселері, тау болып үйіліп жатқан мал терісі. Айналаға қарап, айдаладағы қоқыс полигоны ма дерсің? Дәл маңайында жер үй қаптап тұр. Иістеніп кеткен жердің зардабын тартып жатқан да сол тұрғындар.

"Кезінде бұл жер тап-таза болған. Тіпті құстар да жүретін. Бірақ біреу келіп тегістеп тастады. Содан бері өткен-кеткен адамдар қоқыс қалдырып кетеді. Соның бәрін әкімдіктегілер қадағалау керек қой. Камера қойсын, айыппұл салсын. Не сұмдық мынау!", - деді тұрғын Юрий Курносов. 

Әсіресе күн ысығанда қиын. Жылдар бойы түртілмей жатқан қоқыр-соқыр мен өлексе иісі көкке көтерілгенде тұрғындар тұншығып, есік-терезені қымтаумен боламыз дейді. Жағымсыз иіске шыдай алмағаны тіпті көшіп кеткен.

"Өлексе шашылып жатады. Бірі - малдың терісін үйіп қалдырып кетеді. Енді бірі - мысық пен күшікті пакеттің ішіне салып, лақтырып кетеді. Шіріген күйі, өлексе, бәрі ашық далада жатады. Артынан шыбын қаптайды. Ауру жұқтырып аламыз ба деп қорқып жүрміз", - деді тағы бір тұрғын Марина Даниленко. 

Жырға айналған бұл жердің жартысы облысқа, қалған бөлігі қалаға кіреді деп картада көрсетілген. Бірақ Алматы шенеуніктері біздің қатысымыз жоқ деп басын ала қашты. Ал облыстағылар өзіне тиесілі жерді енді тазалай бастапты.

"Байсерке округі мен ЖКХ бөлімі қоқыс тазалай бастады. Кешегі күні 12 тонна қоқыс шығарылды. Бүгінгі таңда осы жұмыс әлі жүріп жатыр. Тағы да 15 тоннадай қоқыс шығарылады", - дейді Іле ауданы ТКШ бөлімінің басшысы Әуелбек Майшыбаев. 

Іле ауданында қоқыр-соқыр үйіліп жиналмай жатқан 11 жер бар екен. Әкімдіктегілер жуық арада тазалап, реттейміз деп отыр. Тәртіп сақшылары ішіп-жегенін жол-жөнекей тастап кететін жүргізушілерді де құрықтауға көшкен.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина