Белгілі актриса Дариға Бадықова Шымкентте жол апатына ұшыраған. Ол бұл туралы Instagram-парақшасында жазған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әртістің сөзінше, оқиға Сарыағаш тұсында болған.
"Біраз адамдар айтып жатады, иә? "Отбасың, бала-шағаң, ол сенің жеке өмірің, көрсетпе, көз өтеді, сөз өтеді". Ол сөз бекер емес қой, иә? Отбасымды көрсетпеуші едім. "Әлде ойнаған ролі өмірде қайталанды ма? Мүшел жас па?" деген ой мазалады. Әрине, бәрі - жаратушының ісі. Десе де, көп жерде өзімізді сақтандыра алмай жатамыз ба? Күні кеше Сарыағашқа іс-шараға бардық. "Өз көлігімізді Шымкенттегі қонақүйдің алдына қойып, демалып барайықшы" деп, басқа көлікпен бардық. Той керемет өтіп жатты. Жолдасым елдің арасында, аттың басын жіберіп биледі. 22:30-да Шымкентке жолға шықтық. Жолдасым алдында отырды. Ұйықтамай-ақ, келе жатқанбыз, Сарыағашқа келгенде жүргізушіміз қарсы бағытқа шығып кетті. Жан даусым шықты "үлгермейсің кір ішке, кір" дедім. "Үлгеремін" деген ойы болды-ау, үлгермей екі машина қарама-қарсы соғысты. Қарама-қарсы келе жатқан машинаны көру сұмдық екен. Даусымды шығармай "өлдім, болды" дедім. Машинаның дөңгелегінің ұшып жатқанын көзіммен көрдім. Әйнектер қарма-қарсы ұшып, бетіме шашымның арасына кіріп жатқанын. Машина тоқтай алмайды, "тежегішті бас" деп айғайлаймын", - деп жазған ол.
Оның сөзінше, көлік тоқтамауына себеп дөңгелегінің түсіп қалуы болған екен. Сондай-ақ, әртістің өзіне қарағанда, жолдасының жағдайы ауыр болып шығыпты.
"Алдында отырған күйеуіме қарасам, үні шықпайды, қатып қалған. Басынан қан кетіп жатыр екен. Өзімді тез жинап, ең құрығанда біреуіміз қорғанайық дедім. Қорғануға тырыстым. Артық еш жерден ұстамай, басымды бетімді, орындықтың астына қарай тыға бердім. Машина тоқтай алмады. Бір кезде тоқтады, қаптаған адам сұмдық болды. "Тез түс, әпше, машинадан түтін шығып жатыр" деді. "Неге тоқтамасың?" деп айғайладым. Сөйтсек, дөңгелектері жоқ машинаның. Дарханның басынан қан су сияқты аққанын көру қиын екен. "Жедел жәрдем" деп жатты. Дарханның жан даусы шығып тұр, "қолымнан ұстамаңдар" деп. Анықтап барып қарасам, оң қолы салбырап тұр оны көріп, мама! Жедел жәрдем тез келді, ауруханаға апарды. Дарханды бірінші жібердік, бізге қарағанда жағдайы ауыр болды. Әйнек кірген шекесін шыңғыртып тұрып тікті. Қолын рентгенге түсірді, қолының жағдайы өте ауыр морт кеткен операция деді. "Гипс салып береміз, Алматыдан жасаңыздар" деді. Түнде қалаға келдік, жол бойы қолы шыдатпады. Бірден ауруханаға келдік, травматологтар шошып "операцияға дайындаймыз" деп жатқызып тастады. Менің бетім сырылды шынтағыма зақым келді", - деп жазған актриса Желіде.
Желі қолданушылары әртіске бас амандығын тілеген.
"Алла сақтасын! Аман болыңыздар! Қорыққанның арты қуаныш болсын!", "Аллам шипасын берсін, аман болыңыздар", "Елдің алдында жүресіздер. Сөз де, тіл де бар. Аман болыңыздар!", "Түнде жол жүрудің қажеті жоқ. Алла шипасын берсін. Алла сақтап қайта аман қалдыңыздар. Шүкір", - деп жазған пікір білдірушілер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!