- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Оларға көмектеспеймін". Түркістан...
"Оларға көмектеспеймін". Түркістан облысының әкімі бауырларының кәсібіне қатысты пікір білдірді
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бауырларының бизнеспен айналысуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бұл сұрақ қойылмаған күннің өзінде өзім түсіндірейін деп жүр едім. Себебі осындай сұрақ Мәжілісте де қойылды. Мен сол кездің өзінде үлкен отбасынан шыққанымды айтқан болатынмын. 7 баламыз - бір әпкем, 6 ұл бар. Олар менен үлкен. Олар кәсіппен 90-жылдардың басында айналыса бастаған. Себебі 1980-1990 жылдары үйдегілер жұмыссыз қалды. Жұмыс істеу керек болды. Олар саудамен айналыса бастады. Мен ол кезде студент едім. Бұл олардың жұмысы, олар маған ешқашан кедергі жасаған емес", - дейді облыс әкімі Орталық коммуникациялық қызметі алаңында өткен брифингте.
Дархан Сатыбалды бауырларымен Шымкентте жұмыс істеп жүрген кезінде-ақ олар жұмысына араласпайтынына келісіп алған.
"Олар ешқашан тендерлерге қатыспайды. Сондықтан олар менің жұмысыма әсер етпейді. Мен де оларға көмектеспеймін. Керісінше, мен әкім болғандықтан оларға қиын сияқты", - дейді Дархан Сатыбалды.
Еске салайық, былтыр 1 желтоқсанда Дархан Сатыбалды Түркістан облысының әкімі болып қайта тағайындалған болатын.
Дархан Сатыбалды Парламент Сенатының депутаты болған. 2010-2011 жылдары ҚР ҰҚК департаментінің бастығы болды. 2011-2013 жылдары - Премьер-министр кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2013 жылдан бастап екі жыл Шымкент қаласының әкімі, сонымен қатар, 2015-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болған. Дархан Сатыбалды 2019 жылы наурызда Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі болып тағайындалған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина