- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Оларға деректерді кім...
"Оларға деректерді кім береді?" ІММ басшысы қазақстандықтарға қатысты ақпарат қалай қорғалатынын айтты
Ішкі істер министрі Ержан Саденов интернеттегі алаяқтықпен күресу үшін жаңа әдістер қарастырылып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Өздерінің құрығына түсіретін алаяқтар азаматтардың жеке деректерін, телефон нөмірлерін қайдан алады?! Оларға бұл деректерді кім береді? Қанша жерден адамдардың жеке деректерін заңмен қорғап, оның таралуын шектесек те. Алаяқтар тоқтайтын емес. Жеке деректердің құпиялылығы ешкімде құпия болмай тұр", - деп мәжілістің бірқатар депутаты министрлікке сауал жолдаған еді.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов телефон арқылы алдайтын алаяқтармен күресу үшін жаңа әдістер енгізіліп жатқанын айтады.
"Өткен жылы қарашада ІІМ бастамасы бойынша "Қазақтелеком" АҚ-мен өзара іс-қимыл жасаса отырып, Қазақстанның қалалық байланыс желілеріне шетелден келетін алаяқтық белгілері бар қоңырауларды тану және бұғаттау механизмі сыналды. 35 күн ішінде аталған жүйемен осыған ұқсас 300 мыңға жуық қоңырау бұғатталды (тәулігіне орта есеппен 8,5 мың), осылайша алаяқтарға өздерінің қылмыстық мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді", - дейді министр.
Саденовтің мәлімдеуінше, соңғы жылдары ІІМ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде 5 түрлі ведомстволық бағдарламалар мен жол карталарын іске асырды.
"Қазіргі таңда стратегиялық және жүйелі тәсілді қалыптастыру үшін министрлік уәкілетті мемлекеттік органдармен және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесімен бірлесіп, киберқылмысқа қарсы күрестің кешенді жоспарын әзірлеуді бастады. Дербес деректерді, оның ішінде электронды үкіметтің веб-порталында қорғауға, оларды жинауға және өңдеуге байланысты мәселелер бойынша өзге де ақпарат сіздің атыңызға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құзыреті бойынша жолдады", - дейді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Жасұлан Ордабаев
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz