Астанада "Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан Алтын Орда тарихын әлемдік жылнаманың күрделі, сан салалы кезеңі ретінде қарастырады.
"Өйткені бұған атүсті қарауға болмайды. Олай болған жағдайда әлемдік тарихтағы осындай бірегей құбылысқа қатысты ұстаным өзгереді. Ал ол мемлекеттер мен халықтар арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіруі мүмкін. Өкінішке қарай, әлемдік маңызы бар ірі тарихи оқиғаларды бұрмалаған мысалдар қазір де кездеседі. Геосаяси ахуал құбылып тұрған бүгінгідей заманда соғыстардың қасіретті хронологиясына байланып қалмай, адамзат тарихындағы жасампаз кезеңдер мен диалог алаңдарының нәтижелі сәттеріне мән берген жөн. Әлбетте, бұл оңай міндет емес. Себебі тарлан тарихтың бағзы дәуірлерден бастап қазіргі дейінгі шежіресінде соғыстар мен қарулы қақтығыстар өте көп кездеседі. Мұндай көрініс қалыптасуы да түсінікті: бейбіт күндегі күйбең тіршілікті сипаттағаннан гөрі қан майдандағы бітіспес ұрыстарды жазған әлдеқайда жеңіл. Айтпақшы, Лев Толстойдың атақты "Соғыс және бейбітшілік" романы – бейбітшілікті емес, соғысты егжей-тегжейлі суреттеген шығарма. Әлемдік қоғамдастық тарихи жолайрықта тұр. Өркениетті таңдау алдындағы сындарлы сәтте ортақ тарихымызды халықтарды біріктіретін фактор ретінде ұсыну үшін беделді, кәсіби ғалымдардың күшін бір арнаға тоғыстырған дұрыс", - деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, "Тарихты жеңімпаздар жазады" деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын ұмытпаған жөн.
"Бұл орайда тарихқа әділ әрі саяси тұрғыдан бейтарап баға беру маңызды. "Тарихты жеңімпаздар жазады" деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын ұмытпаған жөн. Яғни жеңімпаздарды жазғыруға болмайды, әлем тарихының төрінен орын алып, зерттеушілердің мақтау-мадағына ие болады. Ал шағын және орта мемлекеттер, соның ішінде майданда жеңіліс тапқан елдер тарихтың тасасында қалады. Қазақстанда саясаттың пайдасы үшін көшпелі халықтарды жабайы, бей-берекет, тарих шеңберінен тыс күш ретінде көрсетіп, қуатты дала империяларын "мемлекет деңгейіне жете алмаған" деп төмендететін ескі догмалар мен қасаң көзқарастарды қайта қарау үдерісі басталып кетті. Бұл ретте біз шынайы тарихнаманы қалпына келтіре отырып, өткенді әсірелеуден аулақпыз. Тарих өзіне тәнті болған жалған әрекеттерді, ортақ мұраны жекелеген халықтың қанжығасына байлап беруді кешірмейді. Сонымен қатар, кәсіби тарихшылар қауымдастығында "жұмсақ күш" пен ғылыми дипломатия өкілдері де бар. Олар саясаткерлер қамал тұрғызатын жерде көпір салуға қабілетті. Тарихшылардың миссиясы қазіргі алмағайып кезеңде маңызды болып тұр", - деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, Алтын Орда дәуірі - отандық тарихымыздың маңызды бөлігі.
"Көптеген халықтың тарихи жадында реформаторлар мен көрнекті ойшылдардың қалыпты тіршілігіне қарағанда, билеушілердің жорығы мен дарынды қолбасшылардың ерліктері сақталатынын жоғарыда айтып өттім. Расында, соғыстардағы аңызға айналған жеңістер адамдардың рухын оятады. Ал тағдыршешті мәні уақыт өте келе байқалатын институционалды жаңашылдықтар мен озық идеяларға көпшілік селт ете қоймайды. Оған әлі күнге дейін Ұлы дала тарихының шексіз шайқастар мен ұрыстар ретінде бұрмаланып көрсетілуі нақты мысал бола алады. Мұндай сыңаржақ ұстаным Ұлы даланың, әсіресе, Алтын Орданың күрделі, көп қатпарлы өмір салтын әскери шежірелердің ойдан шығарылған өлшемдеріне салып, тарихи шындықтан алыстатады, оқиғаларды көмескілендіре түседі. Қазіргі ғылымның жоғары пәнаралық даму деңгейі Алтын Орда тарихын объективті зерттеу үдерістерін жетілдіруге мүмкіндік береді деп санаймын", - деді Мемлекет басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова