Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы такси жүргізушілерінің мәселесін көтеріп, дабыл қақты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат Нартай Сәрсенғалиев такси мен автобус жүргізушілерінің мәселесін жеткізіп, сауалын премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады. Оның сөзінше, тәулік бойы тыным таппай жолаушы тасымалдайтын такси мен автобустың тізгінін ұстаған азаматтарды тәртіпке саламыз деп Үкімет Мәжіліске заң жобасын ұсынған.
Бұл заң жобасының мақсаты - жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы мемлекет құзыретінің бір бөлігін өзін-өзі реттеу ұйымдарына беру, "СРО" құру.
"Бұған сарапшылар әуел бастан қарсы болды, Мәжілісте де талай түйреп, сынымызды дәйекпен айттық. Бірақ мемлекеттік органдар тасжолдағы қауіпсіздікті өздері ретке келтіре алмай отырып, жауапкершілікті жекеменшік ұйымға ысыра салуға бағытталған бағдарынан бас тартпай отыр", - деп сынады депутат.
Депутат мәселелерді жіпке тізіп берді:
"Такси және автобуспен жолаушы тасымалдайтын салаға өзін-өзі реттеу ұйымын енгізу, яғни СРО құрып азаматтарды оның қатарына кіруге міндеттеу - тұтас саланың бір қолға өтуіне, салдарынан монополияға апарар жол", - деп ашынды ол.
Нартай Сәрсенғалиев көлікті 5 минуттан артық қыздарғандарға айыппұл салу туралы ережені де сынға алды.
"Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан, автокөлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға болмайды деген ақылға томпақ талаптан аттап кете алмаймын. Бұл - 20 жылдан аса уақыт бұрын Үкімет бекіткен шешім. Бірақ бұл қаулы қате екеніне бәріміздің көзіміз жетіп отыр, қоғамда қатаң сынға қалды. Қақаған қыста автокөлігін 5 минуттан артық оталдырған азаматтарды қазір біреулер бейнетаспаға түсіріп, салдарынан құзырлы орындар айыппұл салып жатыр. Бұл - ақылға сыймайтын шешім, себебі сарышұнақ аязда көлікті қыздармасаң темір тозады, көлік бұзылады, оны жөндеп шығынға бататын - баяғы бұқара халық. Бұл турасында бір ғана ұсыныс бар, автокөлікті 5 минуттан артық оталдырып тұруға тыйым салатын министрліктің шешімін дереу қайта қарау керек", - деді ол.
Депутат көлік оталып тұрғаннан экологияға зиян келеді дейтіндерге алдымен ауаға тонналап зиян қалдық тастайтын зауыттар мен аспаннан қара қар жаудыратын мекемелерді тәртіпке салуды ұсынды.
Еске салайық, 2024 жылы Мәжілісте көлік министрі Марат Қарабаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде баяндама жасады.
Артынша депутат Ринат Зайытов министрге ашық сұрақ қойды.
"Құрметті Марат Кәрімжанұлы, бізде кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды деген бір емес, екі палата бар. Жол тасымалы деген кіші кәсіпкерлік қой. Неге солар басқара салмайды?! Әйтеуір бәріне бір-бір қожайын тауып береміз. Сондықтан сізге сұрақ: осыншама таксистерді енді отарлаудың қажеті қанша?! Екінші сұрағым: бұлар өзі - шулы қауым, ертең дүрлігетін болса, таксимен жиі жүретін адам болғаннан кейін кім көрінгеннен жаман сөз естігіміз келмейді. Дүрлігетін болса, жауапкершілікті өзіңіз мойныңызға аласыз ба?" - деді Зайытов.
Министр "мемлекеттік органның бірінші басшысы ретінде жауапкершілікті мойныма аламын" деп құтылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!