Өзбекстанда кейбір тұрғындардың банк карталарынан түн ішінде ақша ұрланған. Алаяқтар кодты бұзып, олардың карталардан ондаған миллион сумды алып қойған. Зардап шеккендер әлеуметтік желілерде оқиғаларын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Gazeta.uz басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, 11 қарашада әлеуметтік желі қолданушыларының бірі түнде оның картасынан бірнеше транзакция арқылы қыруар ақша алынғанын айтқан.
Скриншоттарда Unired-тен әлеуметтік желі қолданушысының ұялы телефонына ақша алу үшін растайтын код келгені көрінеді. Желі қолданушысының айтуынша, ол кодтарды ешкімге бермеген. Дегенмен скриншоттардағы ақпаратқа сәйкес картадан үш транзакция арқылы 43 миллионға жуық сома (1,6 миллион теңге) алынған.
Кейінірек Octobank бұл оқиғаға пікір білдірді. Банк қызметкерлері оқиғаны зерттеп, қаражат аудару операциялары Unired Mobile қосымшасы арқылы жүргізілгенін, барлық транзакция Unired Mobile тарапынан жіберілген SMS-кодтар арқылы расталғанын анықтапты.
Басылым мәліметінше, тағы бір өзбекстандық Tenge Bank шығарған Humo картасынан 11 қарашаға қараған түні үш транзакциямен 19,7 миллион сома (743 мың теңге) ұрланғанын айтқан. Ол мұны таңертең ғана білген.
Бірінші жағдайдағыдай оған Unired-тен және OFB-ex-тен хабарламалар келіпті. Қыз телефонында мұндай атаулары бар қосымшалар орнатылмағанын айтады.
Тағы бір өзбекстандық 11 қарашаға қараған түні Infinbank және NBU банктері шығарған Humo карталарынан Unired қосымшасы арқылы жалпы сомасы 74 миллион сумға (2,7 миллион теңге) төрт транзакциямен аударымдар жасалғанын айтты. Бұл жағдайда да ер адам SMS хабарламалар келгенін, бірақ ешкімге кодты айтпағанын мәлімдеді.
Зардап шеккендердің барлығы түнде ұйықтап жатқанын, кодтарды өздері сұрамағанын және ешкімге бермегенін айтады. Барлық транзакциялар түнгі сағат 2:00-ден 6:00-ге дейін жүргізіліпті.
Зардап шеккендер құқық қорғау органдарына өтініш берді.
Ал Өзбекстанның Орталық банкі заңбұзушылық тіркелгенін жоққа шығарады.
"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Банктер мен төлем жүйелеріне кибершабуылдар жасалмағанын хабарлаймыз, қазір коммерциялық банктер мен төлем жүйелерінің қызметі қауіпсіздік талабына сәйкес келеді", - делінген банк хабарламасында.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!