- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Өлі табылған 5...
Өлі табылған 5 жасар Мәдинаның отбасына материалдық көмек беріледі
Қостанай облысында 7 тамызда үйінен кетіп, 10 тамызда өлі табылған бес жасар Мәдина Ерланқызының отбасына материалдық көмек көрсетіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов айтты. Облыс әкімі Мәдина Ерланқызының отбасы мен туыстарына қайғырып көңіл айтты.
"Бұл тек олар үшін емес, бүкіл облыс үшін қайғылы жайт. Біз бәріміз баланы аман-есен таба аламыз деп үміттенген едік. Өкінішке қарай, ойлағанымыз болмады. Еріктілерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, облыс тұрғындарына іздеу жұмыстарына белсенді қатысқаны үшін алғысымды білдіремін. Қостанай ауданының әкіміне жерлеу рәсімін ұйымдастыруға және материалдық көмек көрсетуге тапсырма бердім", - деп жазды облыс әкімі.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында 7 тамызда үйінен шығып кеткен 5 жасар қыз іздестірілген болатын. Мәдина кеше, 10 тамызда өлі табылды. Іздеу жұмыстарына 500-ден аса полицей, тікұшақтар, сондай-ақ Ұлттық ұлан мен шекарадағы әскери қызметкерлер жұмылдырылды. Мыңдаған адам қызды Жамбыл ауылына іргелес егістік алқаптардан іздеді.
С. Сатыбалдина